Павлодар қаласының тұрғындары жылыту маусымы басталғалы тек жылу үшін емес, жарық пен су үшін төленетін коммуналдық қызмет ақысының да бірден өскенін айтып, дабыл қағуда. Бұл, әсіресе, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасылардың қалтасына кәдімгідей салмақ салады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Шамамен 10 мың теңгеге өсті
Қазан айында көрсетілген коммуналдық қызметтер ақысы үшін қараша айында келген түбіртек талай тұтынушы "таңдай қақтырды". Ойда жоқта бұл айда жылу, жарық пен су үшін әдеттегіден айтарлықтай көп төлеуге міндеттелді. Кейбір пәтер иелері шамамен 10 мың теңгеге өскенін айтады. Мәселен, бұған дейін екі бөлмелі үйдің тұрғындары бір айда жалпы алғанда орта есеппен 11 мың теңге төлесе, енді 18 мың теңгеге жетті. Үш бөлмелі баспаналарда тұратындардың коммуналдық ақысы 15 мың теңгеден 25 мың теңгеге дейін бір-ақ өсті.
"Жолдасым екеуіміз зейнеткерміз. Ай сайынғ зейнетақымызды қосқанда 160 мың теңгеден аспайды. Оның бір бөлігі тамағымызды, дәрі-дәрмегімізді алуға кетсе, бір бөлігі коммуналдық төлемдерді өтеуге жұмсалады. Қазан айында жылу үшін 6500 теңгенің төлемі келді. Бұған дейін мұндай сома болған емес. Биылғы қазан жылы болғанын ескерсек, неге көп төлеуіміз керек? Сонда қақаған қыста неше теңге келеді?", - дейді Төлеу Әубәкірова есімді зейнеткер.
Тұтынушылар жылумен қатар электр энергиясының да күрт қымбаттағанын айтады. Осы айда үш бөлмелі пәтердің тұрғыны жарық үшін екі есе артық төлепті.
"Жолдасым екеуіміз күні бойы жұмыстамыз, қызымыз балабақшада. Бұл уақытта пәтерде тек тоңазытқыш жұмыс істеп тұрады. Шаңсорғыш, кір жуғыш машина сияқты техникаларды демалыс күндері ғана қосамыз. Жазғы уақыттағы сияқты су жылытатын құралды да пайдаланбаймыз. Былайша айтқанда, жарықты көп пайдаланбаймыз. Сөйте тұра, қазан айында электр энергиясы үшін 6 мың теңгеден астам сомаға түбіртек келді. Бұған дейін ай сайынғы төлеп 3 мың теңгеден аспайтын. Бір қарағанда соншалық көп сома болмағанымен, екі еселік өсім отбасылық бюджетке әсер етпей қоймайды. Тым құрығанда монополист компаниялар өсімнің болатынын ертерек ескертіп, тұтынушылардың пікірін білсе игі еді", - дейді тағы бір павлодарлық Айсәуле Әмірхан.
Тұрғындар наразылығының негізі бар. Шынымен, облыс орталығында коммуналдық қызметтердің ақысы бірнеше пайызға көтерілді. 1 қыркүйектен бастап қарапайым тұтынушылар үшін электр энергиясы 25%-ға, тұрмыстық емес мақсатта қолданылатын электр энергиясы 20%-ға, заңды тұлғаларға 21%-ға қымбаттады. Әлеуметтік маңызы бар тауарларды шығаратын өндіріс орындары да бұрынғыдан 20%-ға артық төлейтін болды. Жылу тарифінің де өскені байқалады.
"Жылу энергиясының тарифі 2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап өсті. Жылуды өлшейтін жалпыүйлік есептеуіш құралдары бар пәтер иелері үшін өсім 16%, басқа тұтынушылар 3,9%-ды құрады", - деді "Павлодарэнерго" АҚ қоғаммен байланыс жөніндегі жетекші маманы Роман Гончаренко.
Сол сияқты су да қымбаттады. Есептеуіш құралдары бар пәтер иелері енді бір текші метр үшін 58 теңге, мұндай құралы жоқ тұрғындар 87 теңге төлейді. Бюджеттік ұйымдар 677 теңге, басқа тұтынушылар 278 теңге аударуға міндеттеледі. Бұл – жыл соңына дейінгі тариф. Соған қарағанда бір айдан соң жаңа тарифтердің енгізілуі бек мүмкін.
Екібастұздықтар да алаңдаулы
Облыс орталығының тұтынушылары коммуналдық қызметтердің ақысын біледі. Ал екібастұздықтар жылу үшін қанша төлеуі тиіс екенін әлі түсінбей дал. Себебі кеншілер шаһарында жылу таратудың жаңа тарифі әлі бекітілген жоқ. Былтырғы жылу желілері мен станциядағы апаттың салдарын жоюға миллиардтаған қаржы жұмсалғанын ескерген кей тұрғындар сол шығындардың барлығы түптеп келгенде тұрғындардың қалтасына тие ме де алаңдап отыр.
Айта кетейік, аталмыш қаладағы жылу-электр орталығын жөндеу үшін 17 млрд теңге қаржы жұмсалған-ды. Сондай-ақ, 72 шақырымнан астам жылу құбыры толығымен жаңартылды. Бұл қаладағы тозығы жеткен ескі құбырларды 20%-ға жаңартуға мүмкіндік берді.
Бұған дейін "Екібастұзжылэнерго" компаниясы осы және өзге де шығындарды есептей келе, материалдық-техникалық базаны жаңартып, жұмысшылардың жалақысын арттыру қажеттігін алға тартып, жылу тарифін орта есеппен 149%-ға өсіруге өтінім берген еді. Алайда қоғамдық тыңдауға қатысушылар мұндай ұсыныспен келіспей, наразылықтарын білдірді. Жергілікті табиғи монополияларды реттеу департаменті бұл өтінімге қатысты шешім қабылдай қойған жоқ. Десе де, Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов жылу желілерін жөндеуге жұмсалға шығын екібастұздықтардың мойнына артылмауы керек екенін айтты.
"Монополист табиғи монополияларды реттеу департаментіне тарифті 100%-дан асыра көтеруге өтінім берді. Бірақ мұндай өсім болмайды. Қазіргі уақытта департаменті жылу ақысын 25-40% аралығында көтеру мәселесін қарастырып жатыр. Бүгінде тариф мәселесі әлі талқылануда, нақты шешім қабылданған жоқ", - деп атап өтті аймақтың басшысы.
Екібастұздықтар бұл шешімнің қабылдануын тағатсыздана күтіп отыр. Бір анығы, жылу ақысының өсетіні сөзсіз. Бірақ нақты қанша пайызға екені – уақыт еншісіндегі мәселе.
Ауылдықтардың шығыны одан да көп
Қалалықтар бір қыста кететін коммуналдық шығындарды есептеп, оның қаржылай жүктеме боларын айтып отырған тұста ауылдықтардың шығыны одан да асып түспек. Облыс орталығының тұрғындары бір айда орта есеппен алғанда жылу үшін 6000-10000 теңге аралығында төлесе, ауылдағы ағайынның үйді жылытуға жұмсалатын ақысы одан бірнеше есеге артық. Олар бір айда бір тонна көмірді алуға 18-23 мың теңге жұмсайды. Оған қоса, кейбір ауылдардың тұрғына ағашты отын ретінде пайдаланады. Оның бір текше метрінің бағасы – 8-10 мың теңге. Сонда ауылдағы ағайын бір айда үйін жылытуға кемінде 30 мың теңге шығын шығарады.
"Коммуналдық қызмет ақысының өсуі қалалықтарға да салмақ салатыны рас. Қалада тұратын балаларымыз ай сайын оған 20-30 мың теңге жұмсайтынын айтып жатады. Бір жақсысы, олар біз сияқты күл шығарып, отын әкеліп, пеш жағып әуре болмайды. Біз төрт бөлмелік үйімізді жылыту үшін таңертең бір, кешке бір от жағамыз. Оның күлін далаға төгіп, 4-5 шелек көмірді дайындап, ағашты жарып, кептірумен әлек боламыз. Қатты отынның бір тоннасы былтырғыдан бір мың теңгеге қымбаттады. Жақында оны 21 мың теңгеге сатып алдық. 10 мың теңгеге бір текше метр ағаш алдық. Ол ары кетсе бір жарым айға жетеді. Одан соң тағы алуға тура келеді. Сөйтіп, зейнетақымның жартысына жуығы үйді жылытуға кетеді", - дейді Ертіс ауданының тұрғыны Гүлмира Жақыпова.
Қалай болғанда да, қыстың көзі қырауда қалалықтарға да, ауылдықтарға да бүрсең қақпаудың амалын табу оңай емес. Алты ай қыста дірдектемес үшін қымбаттаған тариф бойынша коммуналдық ақыны да, өткен жылғыдан бағасы өскен көмірді де алудан басқа амал қалмайды. Ол үшін басқа да шығындарды ысырып қоюға тура келетін кез болады. Сондықтан тұтынушылар тарифтің де, отынның да шекті бағасы белгіленсе, монополист пен кәсіпкерлер белгілейтін бағалар мемлекет тарапынан реттелсе екен дейді. Әйтпегенде, қазаншының өз еркі қайдан құлақ шығарса дегеннің кері болып тұр.