Қос мүсінді реконструкциялауға қанша қаржы қаралған?

"Шірік-Рабат сақ жауынгері" мен "Сығанақ ханшайымы" мүсіні – өңір тарихын тек сөзбен емес, іспен дәлелдеген жұмыс.

Қос мүсінді реконструкциялауға қанша қаржы қаралған? Фото: Бағдат Есжанов

Жәдігерлердің жаңғыртуға Қызылорда облысының бюджетінен қомақты қаржы бөлінген. Облыстық музейге табысталған қос жәдігер жақында ғана Астана қаласында өткен Қызылорда облысының өнер күндерінде көрмеге қойылды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

"Сырдарияның бойында өмір сүрген сақ мәдениетінің жауһары – алтын киімді "Шірік-Рабат сақ жауынгері" мен Алтын Орда кезеңіндегі Ұлы дала көшпенділерінің өркениетін паш ететін алтын әшекейлі "Сығанақ ханшайымы" мүсіндері музейге тапсырылды. Мүсіндер археолог-ғалымдардың ғылыми негіздемелеріне сай жасалды", - деген болатын Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев реконструкциялардың таныстырылым сәтінде.

Туындыларды археолог-ғалымдар Жолдасбек Құрманқұлов және Әзілхан Тәжекеев, реставратор Қырым Алтынбеков, Өзбекстан және Татарстан Республикаларының ғалымдары Айсұлу Жаппарбергенқызы, Людмила Макласова, т.б. ғалымдар жасады.

"Шірік-Рабат сақ жауынгерінің" реконструкциясы белгілі археолог-ғалым Жолдасбек Құрманқұловтың жетекшілігімен орындалды. Ал "Сығанақ ақсүйек әйелі" реконструкциясы біздің бірлескен жұмыс тобының қажырлы ісінің нәтижесі болды. Бұл бірегей жәдігер Орталық Азияны зерттеу халықаралық институты мен Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университеті мамандарының бірлескен зерттеу тобының жұмысы негізінде Сығанақ қалашығы маңынан табылған болатын", - дейді жоба жетекшісі, археолог Әзілхан Тәжекеев.

Жейде (көйлек), шалбар, астыңғы және үстіңгі халат, астыңғы және үстіңгі қалпақ (бас киім), бөлек дайындалған сүйір төбе, қауырсын жүйесі және інду әшекейлер, етік, мұның бәрі – үлкен талғаммен, тарихи-ғылыми негізде орындалған жұмыс.

- Киім үлгілерін Алтын Орда дәуіріне жататын деректер мен қазба жұмыстары барысында табылған материалдарға сүйене отырып Татарстан Ғылым Академиясы, А.Халикова атындағы Археология институтының ғылыми қызметкері Л.Макласова жасады.

Реконструкция мүсінін және алтын мен қоладан жасалған әшекей бұйымдарын Т.Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясы мамандары өнертану ғылымдарының магистрі А.Назаровтың жетекшілігімен орындады. Әшекей бұйымдар бойынша ҚР Мемлекеттік орталық музейінің археология орталығының ғылыми қызметкері Н.Төрежанова ғылыми жетекшілік жасады, - деп сөзін жалғастырды жоба жетекшісі.

Мүсіндерді реконструкциялауға облыстық бюджеттен 40 миллион теңге бөлінген. Елордада өткен көрмеде аталған мүсіндер көпшіліктің көңілінен шығып, мамандар тарапынан оң баға алған еді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу