Еліміздегі бірегей кәсіпорынның мемлекеттік көмектен қағылғалы бері күйі кетті. Жирен қасқа тұқымын көбейтпек түгілі, оны-бағып қағатын малшылар да сиреп барады.
Қазақы тұлпарлардың ішінде - Қостанай тұқымының орны ерек. Шапшаң, қарқынды, дене бітімі біршама ірі. Бұлар жергілікті қазақы аттар мен дондық, орловтық жылқыларды будандастыру арқылы алынған. Осы жирен қасқалардың тұқымы жойылып кетуі мүмкін.
Кезінде 44 мың басқа жеткен Қостанай жылқысынан бүгінде небәрі 200-дей қалған. 10 жылдан бері жирен қасқа тұқымын көбейту жұмысы тоқтап тұр. 2013 жылы субсидиядан қағылғалы кәсіпорын қарызға белшесінен батқан.
Жылқы тұқымын зерттейтін, нано технологиямен жабдықталған зертханалар қаңырап бос тұр. Мұнда жалақының аздығынан ғылыммен айналысатын мамандар түгілі, жылқышылардың өзі сиреп барады.
"Бұл асылтұқымды сақтап қалу үшін қазіргі таңда үкімет тарапынан қолдау керек бізге. Қаражат керек. Мына ескіріп, тозып тұрған атқоларды жөндеу керек, мамандар керек. Сонда ғана біз осыны сақтап қалып, дамытуға мүмкіндік туады", дейді Бас бапкер Игілік Қарманов.
Бір ғасырдан астам тарихы зауытты мемлекеттік көмекке зәру ауыл шаруашылығы кәсіпорындары тізіміне қосу туралы басшылары талай мәрте айтқанмен, құлақ асқан жан болмаған. Аймаққа іс сапармен келген министрлер мен депуттар осы халі мүшкіл жылқы зауытын айналып өтіп, жұмысы жүріп тұрған өнідіріс ошақтарын аралап қайтады. Осы мәселені көтерген басқарма төрайымы жан-айқайын облыс басшысына жеткізді.
"Өкінішке орай, жүйрік тұлпардың тұқымын сұрыптап алған, еліміздегі біргей жылқы зауыты жабылудың алдында шақ тұр. Бұл кәсіпорынды сақтап қалу үшін бар шығынын облыстық бюджеттен қаржыландыруға әзірміз", деді Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов.
Облыс әкімі уәдесінде тұрса жылқы зауыты қайта жанданар еді. Тұралап қалған кәсіпорынды аяқтан тұрғызып, жирен қасқалардың тұқымын көбейту үшін қомақты қаржымен қоса, бірнеше жыл қажет.