"Диван батырлар" көбейіп барады

Әлеуметтік желіде адамды қорлау, намысына тию, қудалау, қоқан-лоқы жасау сияқты кибербуллинг түрлері бүгінде кең етек жайды.

"Диван батырлар" көбейіп барады Фото: canva.com

"Диван батырлары" аталып кеткен желіде пікір жазатын, тұлғаның жеке басына тиісетін топ көп болып бара жатқандай, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Қызу талқыға түсіп, буллингке ұшырап жатқандар көп-ақ. Мәселен, талқы жасап, сараптап отыратын фейзбуктегі жұрт Бекболат Тілеухан, Әли Оқапов, Рамиль Мухоряпов, Айя Мантай, Жанар Хамитова, жақында дөрекі сөздер айтқан видеосы тараған хиджабтағы қыз, Тоқтар Серіков пен Тоқтар Әубәкіровті шатастырған жас журналист сынды мысалдарды келтіреді. Ал психологтар қоғамдық талқы мен кибербуллингтің арасы тым жақын екенін айтады.

Осы ретте қайсысы кибербуллинг, қайсысы азаматтық пікір екенін психо-аналитик Серікгүл Сәлимен талдап көрдік.

Серікгүл Сәлидің айтуынша, Әли Оқаповтың жағдайы – буллинг емес, халықтың қоғамдағы жағдайларға үн қосуы.

– Әли Оқаповтың жағдайына басқа қырынан қарау керек. Халық бұл әншіні "Құрмет" орденіне лайық көрмейді. Жұрттың басым көпшілігі расымен де осындай пікірде. Сондықтан азаматтық қоғам өкілдері, қарапайым жұрт "бұл марапатқа лайық па, лайық емес пе?" деген талдау жасады. Сол себепті Әли Оқаповтың жағдайы буллинг емес, халықтың ой-пікірі болды.

Бұл жерде халық пен биліктің ойының бір жерден шықпауын көруге болады. Жоғары қызметте отырған элиталық топ Әли Оқаповқа осы марапатты берді. Бірақ олар оның лайықты екенін ғана айтты. Оның неге лайық екенін аргумент келтіріп, дәлелдеп берген жоқ. Ондай ақпарат еш жерден табылмады. Психолог, психо-аналитик ретінде ғана емес қарапайым Қазақстан азаматы ретінде мен де Әли Оқапов осы марапатқа лайық дейтін себепті ғаламтордан – қолжетімді ақпарат көздерінен іздеп таба алмадым. Сол кезде мен Әли Оқапов осы марапатқа лайық, өйткені ол осындай осындай еңбек сіңірген деген бұрын шыққан мақаланы көрмедім.

Мәселен, ол осындай таланттарды жарыққа шығарған немесе еліміздің атын осындай бәйгелерде шығарған деген мақала жоқ. Мен әншінің өнерімен таныс емеспін, үлкен марапат алатындай еңбегін білмейді екенмін. Бұл әншіні білмейтін, танымайтын халықтың бір пікірі болып қала бердім. Менің пікірімді оң жаққа өзгертетіндей нақты салмақты себеп табылмады.

Буллингтің жасалуы біздің қоғамда жиі кездеседі. Оған мысал ретінде танымал немесе танымал емес адамдардың байқамай бір сөзді айтып қалып, буллингке ұшырауын айтуға болады. Мәселен, видеодан бір үзігін қиып алып, басы-аяғы не болғанын талдамай, сол сөз үшін қоғамдық айыптау жасауды буллинг деуге болады.

Орамал таққан қыздың таксиспен арасында болған кикілжіңді жатқызуға болады. Біз сол қызбен болған жағдайда оқиғаның басы қалай болды, аяғы қалай болды білмейміз. Бір үзік видеоны көріп, адамдар соған қарап, шешім шығарып, оны айыптаса, міне, буллинг деген осы, – дейді психолог.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу