Құрылыстағы мұнаралы крандардың барлығы дерлік ескі

286

Қостанай облысында мұнаралы крандардың көбінің нормативтік мерзімі өткен.

Құрылыстағы мұнаралы крандардың барлығы дерлік ескі Фото: Inbusiness.kz

Ескірген техникалардың қауіпсіздігіне көпшілік күмәнмен қарайды. Тіпті, сондай тозығы жеткен құрылғының бірі тұрғын үйдің ауласындағы жүргіншілер жолына құлап, 49 жастағы машинист қайтыс болған, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Не себепті, шекті уақыты өтіп кеткен техникалар құрылысқа пайдаланылып жатыр? Кім рұқсат берді?

Қостанай облысы бойынша Өнеркәсіптік қауіпсіздік департаментіне 57 кран тіркелген. Соның 52-сінің нормативтік мерзімі өткен. Яғни, қолдану мерзімі 10 жылдан асқан. Кейбірін тіпті 40 жыл бойы қолданыста көрінеді. Халықаралық жүк тасымалымен айналысатын фирма басшысының айтуынша, елімізге ескі крандарды әкелу соңғы 2-3 жылда жиілеген.

"Қолданыста болған крандарды Қазақстанға жаппай тасымалдау 2021-ші жылы басталды. Көбіне Ресейдің Мәскеу облысы мен Санкт-Петербург қаласынан әкеледі. Елге жеткізген соң тазалап, сырлап орнатып қояды. Ресейліктер оны жайдан-жай сатпаған шығар, қолданысқа жарамсыз болған соң құтылып жатқан болар. Әр техниканың тозығы жететін мерзімі бар, мұны мемлекет тарапынан қадағалау жағы кемшін", - дейді Халықаралық жүк тасымалы мекемесінің басшысы Алдан Меңкеев.

Ескі крандарды елге кіргізген соң, оның қауіпсіздігіне тәуелсіз сараптама жасалады. Мемлекеттік орган емес, жекеменшік компания мамандары металл құрылымын, дәнекерлеу жіктері, электр аспаптарын тексеріп, кранның жұмысқа жарамдылығы мен мерзімін анықтайды. Егер рұқсат берсе ескі-құсқы техниканы қолдануға еш тыйым жоқ. Ал, мұнаралы крандарды қадағалау міндеті Өнеркәсіптік қауіпсіздік департаментіне жүктелген. Алайда, олар осы мекемеге тіркелген крандарды ғана бақылайды.

"Мен тіпті өрескел заң бұзушылықтарды көріп тұрсам да бұл нысанды тексере алмаймын. Прокуратура органдарында тіркеу керек. Ал, тексеру кестесі жарты жылға бір рет жасалады. Сосын ірі құрылыс компанияларындағы крандар шағын бизнес субъектілеріне жазылған. Мораторийге орай тек шағым түскенде ғана бара аламыз. Әрине, мұндай кедергілер тексеру шараларын қиындатып отыр", - дейді Облыстық өнеркәсіптік қауіпсіздік департаментінің бөлім басшысы Серік Өмірзақов.

Былтыр қарашаның соңғы күні Қостанайда мұнаралы кран құлап, 49 жасар жүргізушісі қайтыс болды. Ауыр техника ауладағы тұрақта тұрған көліктің үстіне түсті. Нормативтік мерзімі өткен бұл мұнаралы кран Өнеркәсіптік қауіпсіздік департаментінде тіркелмеген. Сол үшін 30 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Жалпы, осы оқиғадан кейін ғана облыс аумағында тіркеусіз жұмыс істеп жатқан кран иелерінен есепке алу жөнінде 14 өтініш түскен.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу