Мемлекеттік кірістер комитеті Telegram желісінде "KGD_kantselyariya" виртуалды көмекшісін іске қосты, деп хабаралады inbusiness.kz тілшісі Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"KGD_ kantselyariya" виртуалды көмекшісі салық төлеушілерге құжат айналымы үдерісін ыңғайлы ету үшін құрылған.
Осылайша чат-боттың көмегімен төмендегі деректерді бірден алуға болады:
- өтініштің кіріс нөмірі мен күні;
- комитеттің өтінішке берген жауабының шығыс нөмірі мен күні;
- салық төлеушінің жүгінуі бойынша комитеттің жауапты орындаушысының деректері (аты-жөні және телефон нөмірі).
Виртуалды көмекшісі арқылы ақпарат алу үшін кез келген адам чатта аты-жөнін немесе ұйымның толық атауын, өтініш берілген күні мен шығыс нөмірін жазуы керек.
Алайда бұл қызмет тәулік бойы көрсетілмейді. Ведомство жіберген кестеге сәйкес чат-ботты жұмыс күндері (сенбі мен жексенбіні қоспағанда) сағат 9:00-ден бастап 18:30-ға дейін пайдалануға болады.