Қазір күріштің өзін айтпағанда, күрмегі де, қабығы да – ақша. Сондықтан, инвестор, шаруашылық басшысы мен ауыл тұрғындары арасында келіспеушілік туындайды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.
Ауыл шаруашылығы саласының ардагері Марат Омаров жер дауында жергілікті биліктің қолында билік болмайтынын айтады. Яғни, шарушылықтардың ішкі дауына мемқызметкерлер араласа алмайды.
"Егіншінің тайқазаны – қырман. Қырманға түскен астық таразыдан өтіп, есепке алынып, елдің назарында болады. Соңғы кездері қырманы жоқ ауылдар көбейіп кетті. Бұл кімге тиімді, әрине шаруашылық басқарып отырған кәсіпкер мен оған ақша құйып отырған инвесторға өте пайдалы.
Шаруалар алдында жауапкершілік, есептілік жоқ екенін білетін олар ойына келген бағамен жұмыс істеуде. Әрине, бәрі емес. Қазір күріштің күрмегі де, оған қоса қабығына дейін ақша болып тұр. Осыны ұққан ақшалы азаматтар ауылдағы шаруашылыққа егелік етуге немесе сырттан билік жасауға тырысуда. Осылай ағайын жағалаған ақшалы азаматтар елдің ішінде дау туғызып отырғанын ауыл тұрғындары көріп отыр. Қазір – ауыл тұрғындары сауатты. Олар ғаламтор желісі арқылы күнделікті нарықтан ақпарат алып отыр. Жауапкершілік екі жақта да болу керек. Үлескер жалпы жиналыста жерін берген пайдаланушыға өз талаптарын ұсынып, жылына көктемде, күзде үлескерлердің алдында істеген жұмыстарына ашық есеп беріп отыру керектігін хаттамамен бекітіп, оны міндетті түрде заңдастырып қою керек. Сенім білдірген директордың өзімен келісімшартқа отырғанда жер мәселесіне келгенде шексіз билікті оған беріп қоймай, үлескерлердің келісімімен міндетті түрде шектеу қажет. Келісімшартта үлескерлерге жыл қортындысымен берілетін үлестерін алған өнімге байланысты көрсетілуі тиіс. Оның да өнім алсын-алмасын міндетті түрде төменгі шекті мөлшері болу керек. Бұл шаруашылықтардың ішкі дауына мемлекеттік қызметкерлер, әкімдер араласа алмайды, оған үкімет заңмен шектеу қойып қойған. Сондықтан кінәні жергілікті әкімдерден іздемей, ушықпай тұрғанда мәселенің төркінін іздейтін кез келді", - дейді ол.
Шыны керек, жер дауының "даусы" жер жарады. Өйткені, арыз бен араздасу сүттей ұйыған алақандай ауылдың ынтымағын бұзады. Сала ардагерінің айтуынша, сырттай жасалған келісімшарттарға мән беріп қараған дұрыс немесе бұзу қажеттілігі де туындайды. Әйтпесе, жер дауы тоқтайтын күн алыс.
"Жоғары жақта отырған ел басшылары, Парламент депутаттары бір мәмілеге келіп, күннен-күнге үдеп бара жатқан жер дауына тоқтау қоятын жол табу керек. Немесе билікті шектемей әкімдерге беру қажет. Бұрынғы сырттай заңсыз жасалған келісімшарттарды зерделеп, дұрыс болмаса бұзып, қайта қарамаса бұл дау елде тоқтамайды. Ағайын-туыс, бауырларды арыздастырған жер мен билік дауын тоқтататын заң қабылдап, бір жағына шығару керек. Ілгеріде Айтуар шешен айтқан екен "Қара қазаққа хан ие, қара жерге халық ие" деп. Бұл – ақиқат", - деп сөзін жалғастырды Марат Омаров.