Бұл қаңтардың қақаған қара суығында бүрсең қаққан Бағыс ауылының тұрғындары. Барлығын көшеге шығарған көгілдір оттының жыры. Айтуларынша, қыс басталғалы бұл ауылда көгілдір отын бір емес бірнеше рет өшкен. Әр сөнген сайын ауыл жұрты өздері ортадан ақша жинап құбырды тазарттып газ қостырған.
"Ауылда жас баласы бар, науқас тұрғыны бар отбасылар бар. Күн болса 25 градус суық, біз газсыз отырмыз. Ал біз көшеде жүрміз. Бұл бір емес бірнеше рет қайталанып жатқан жағдай", дейді Бағыс ауылының тұрғыны Шыршықбай Әлмағанбетов.
Көгілдір отынның өшуі әсіресе жас баласы барлар мен науқас адамдарды қатты әбігерге салған.
Бағыс ауылында көгілдір отынның жиі сөнуін жауаптылар о баста құбырдың дұрыс тартылмауымен байланыстырып отыр. Айтуларынша кезінде газ құбырының ішіне су кіріп кеткен. Күн суығанда сол су мұзға айналып қысымды төмендетіп жіберетін көрінеді.
"Құрылыс барысында сел алған. Сол кезде құбыр су кіріп кеткен деп күдіктеніп отырмыз. Енді бүгін кешке дейін газды қосып береміз деп отыр казТрансГаз мамандары. Егер қосылмаса біз осында боламыз", дейді Сарыағаш аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы Мұрат Байғабылов.
Жауаптылар ауылға көгілдір отын қосу үшін қазір құбырды бірнеше жерінен кесіп жылы ауамен үрлеп магистральды тазалауда. Бұл істің қаншалықты нәтижелі боларын ешкім білмейді. Егер құбыр тазартылмаса Бағыстағы барлық үй бүгін де жылусыз отырады. Ал, синоптиктер осы түнде ауа райы 25-30 градусқа дейін төмендейтіндігін айтуда.