Қытай көлік шығару ісінде АҚШ пен Оңтүстік Кореяны шаң қаптырды

713

ҚХР жеңіл автомобильдер қауымдастығының мәліметтері бойынша, Қытайда өндірілген автомобильдердің шетелге сатылу көрсеткіші 2020 жылдан бері үш есе өсті және өткен жылы 2,5 миллионнан асты. 

Қытай көлік шығару ісінде АҚШ пен Оңтүстік Кореяны шаң қаптырды Фото: Bloomberg

Яғни Аспан асты елі кейінгі кездері экспортты азайтқан, бірақ Еуропа автокөлік нарығында көшбасшы болып қала беретін  Германияға (айырмашылығы 60 000 бірлік) міне-міне жетейін деп қалды, деп жазады inbusiness.kz.

Қытай тағы бір ел Жапониядан артта қалғанына қарамастан, АҚШ пен Оңтүстік Кореяны оңайшылықпен басып озып, авто әлемдегі көшбасшылар арасынан өз орнын алуға дәмелі.

Қытайлық брендтер - қазіргі уақытта Таяу Шығыс пен Латын Америкасындағы сөзсіз нарық көшбасшылары. Ал Еуропада сатылатын қытайлық автомобильдер негізінен Tesla Inc. электр модельдері. Volvo, MG мен Dacia сияқты бұрынғы еуропалық брендтер көліктері де қазір Қытайға тиесілі. Әлемдегі ең көп сатылатын BMW электромобилі iX3 тек Қытайда шығарылады және Еуропаға экспортталады. BYD Co. мен Nio Inc. сынды отандық брендтер де автомобильдер әлемінде үстемдік етуге ұмтылуда. Уоррен Баффеттің Berkshire Hathaway Inc. қолдауымен BYD қазірдің өзінде Австралия сияқты дамыған елдерде электромобиль сатып алушылардың санын арттырып келеді.

Мемлекет қолдайтын Қытай автомобиль өндірушілері қауымдастығының бас инженерінің орынбасары Сю Хайдунның айтуынша, бүгінгі жетістік тек бастамасы ғана. Оның айтуынша, негізгі мақсат - 2030 жылға қарай Жапонияның қазіргі жеткізілімінен екі есе көп көрсеткіш - 8 миллион жеңіл автокөлікті шетелге сату.

Жалпы Еуропа нарығын игеру Қытайдың 2000 жылдардан бергі мақсатына айналған, сол уақыттан бері түрлі әлемдік автосалондарға қатысқан қытайлық көліктер талай сындардан сүрініп, 2007 жылы қауіпсіздікке қатысты ақаулардың жиі қайталануы үміт отын өшіргендей болды. Бірақ автоматтандырудың және соның салдарынан стандарттаудың арқасында Қытайдағы жаңа автомобиль зауыттары әлемде роботтарды ең көп пайдаланатын, алдыңғы қатарлы өндірушіге айналды. Сапа жақсарған сайын, соңғы онжылдықта қытайлық автомобильдер еуропалық қауіпсіздік сынақтарынан сүрінбей келеді. Қытайдың ауаның ластануына қарсы қатаң саясаты да оның көліктерінің көпшілігіне еуропалық шығарындылар стандарттарына сәйкес келуге көмектесті.

Қазір Еуростаттың мәліметі бойынша, қытайлық автомобильдердің Еуропалық Одаққа экспорты 2021 жылы 156%-ға өсіп, 435000 бірлікке жетті. Шанхайдағы Tesla зауыты өткен жылы 711 000-ға жуық автомобиль шығарды, бұл компанияның әлемдік өндірісінің 52%-ын құрайды. Ақырындап Always сияқты ондаған отандық өндірушілер пайда бола бастады. Олардың көпшілігі үлкен жетістікке жетті деп айта алмасақ та, BYD, Nio мен XP eng Inc. брендтері әлемдік аренада әлі өзін көрсететін компаниялардың қатарына кіреді.

Қытайдағы жеткізу тізбегінің өсуі автомобиль өндірісіне де дәлме-дәл сәйкес келеді. Отандық компаниялар қазір барлық дерлік бөлшектерді, соның ішінде шамамен он жыл бұрын импортталған бөлшектерді, мысалы, жоғары беріктігі бар болат пен арматураланған шыны талшықты шығарады. Нәтижесінде, 2021 жылы Қытай алғаш рет автомобильдер мен автомобиль бөлшектері саудасында оң сальдоға жетті. Алайда, құрастыру желілері әлі де Жапония мен Германияның алдыңғы қатарлы машиналарына тәуелді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу