"Қытайда – 5,9 млн теңге, Қазақстанда – 11 млн теңге": Сенатор елімізде шығарылатын трактор қымбат екенін айтты

3921

Елде ауыл шаруашылығының құрал-жабдықтарын өндіретін 10 зауыт бар. 

"Қытайда – 5,9 млн теңге, Қазақстанда – 11 млн теңге": Сенатор елімізде шығарылатын трактор қымбат екенін айтты Фото: parlam.senate.kz

Сенатор Әли Бектаев ауыл шаруашылығы техникасы үшін кәдеге жарату алымын алып тастауды ұсынды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Біз Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналғымыз келсе, агроөнеркәсіп кешенінде жаңа технологиялар мен заманауи техникаларды қолдануымыз қажет. Өкінішке қарай, ауыл шаруашылығында пайдаланып жүрген техникалардың орта есеппен 76 пайызы тозған. Қолдағы бар 150 мың трактордың 95 мыңы, 38700 комбайнның 23 мыңы 16 жылдан астам қызмет жасап келе жатыр. Қазақстанда норматив бойынша әр мың гектарға 5 трактор мен 3 комбайнның қажеттігін ескерсек, қазіргі кезде 65 мың трактор, 43 мың комбайн жетіспейді. Ауыл шаруашылығы техникаларының жыл сайынғы жаңарту деңгейі 4,5 пайызды ғана құрайды. Тек жетіспейтін трактор мен комбайнның орнын толтыру үшін 14-15 жыл уақыт керек", - деді сенатор Премьер-Министр Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында.

Осы мәселеге байланысты депутат Үкімет басшысына бірқатар сұрақ жолдады. 

"Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту деңгейін 10 пайызға жеткізу туралы тапсырмасын орындау үшін Үкімет тарапынан қандай нақты шаралар қабылданды? Жаңғыртуға қажетті қаржы көлемі, оны жарату механизмдері анықталды ма? Онда ауыл шаруашылығын тауар өндірушілер үшін қандай жеңілдіктер қаралған? Елімізде ауыл шаруашылығының құрал-жабдықтарын өндіретін 10 зауыт пен өздігінен жүретін техникалар шығаратын 8 кәсіпорын бар. Бұл кәсіпорындар 2023 жылы 5400 трактор, 1000 комбайн, 17 мыңнан астам тіркемелі құрылғыларды шығарды. Яғни, олар тракторлар мен комбайндарға деген жылдық қажеттіліктің 80 пайызын, ал тіркемелі құрылғылардың 30 пайызға жуығын құрайды", - деді Әли Бектаев.

Сөзінше, елімізде шығарылатын тракторлар мен комбайндардың қазақстандық мазмұны 42-44 пайызды ғана құрайды. Сенатор қазір негізгі қосалқы бөлшектер сырттан келетінін, сондықтан да олардың бағасы өте қымбат болып, тауар өндірушілер ала алмайтынын жеткізді.

"Мысалы, Қытайдан әкелінетін Шифенг 90 маркалы трактордың Қытайдағы бағасы – 5,9 млн теңге. Соған ұқсас бізде шығарылатын МТЗ-89 тракторының бағасы – 11 млн теңге. Яғни, екі есе қымбат. Оның үстіне қазіргі қытай техникаларының сапасы жоғары, жанар-жағармайды аз пайдаланады. Осы техникаларды бізде шығарудың жолдарын қарастыру қажет шығар. Шығармаған күннің өзінде де түрлі кедендік, кедендік емес кедергілерді, үстемақыларды алып тастаса, сол техникалар 2 есе арзан бағамен келер еді. Бізді таңғалдыратыны – ауыл шаруашылығына қажетті жеңіл құрылғылардың, соқалар мен культиваторлардың, дискілі тырмалардың, мал азығын дайындайтын машиналар мен механизмдердің, пішен жинағыштар мен тұқым сепкіштердің, көшет отырғызатын жабдықтардың басым көпшілігінің шетелден әкелінетіндігі. Негізінен металдан тұратын қарапайым ғана осы техникаларды неге өзімізде көптеп шығаруға болмайды?", - деп жалғастырды Әли Бектаев.

Бұдан бөлек депутат кәдеге жарату алымына да мәселе көтерді. 

"2024 жылғы жағдай бойынша утильалымның көлемі 1 трактор үшін 370 мың теңгеден 7 млн 380 мың теңге аралығында құрайды. Оны төлеуге шамасы келмеген орта және шағын шаруашылықтар жаңа техника алуды қойды. Ескі техникамен егіс егеді, ескі комбайнмен астық жинайды, жарамсыз техниканы қосалқы бөлшекке пайдаланады, ал қалған қаңқасы металлоломға өткізіп, күн көреді. Техниканы алып жатқандар, кәдеге жаратып, жойып жатқандар да шаруалардың өздері. Сонда негізгі оператор болып, қаржы жинап отырған "Жасыл даму" мекемесінің үлесі неде? Жаңа техника үшін ескірмей жатып, кәдеге жарату төлемін алу ешқандай логикаға сыймайтын нәрсе емес пе?! (...) Жалпы ауыл шаруашылығы техникасы үшін кәдеге жарату алымын алып тастаса, мемлекет ұтпаса, ұтылмайды деп ойлаймыз", - деді Сенат депутаты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу