Қытайдың әлеуметтік сақтандыру қоры құнды қағаздар нарығына шыққанын хабарлады.

1222

Қытайдың әлеуметтік сақтандыру қоры құнды қағаздар нарығына шыққанын хабарлады.

Былтырғы тамызда Үкіметтен тиісті рұқсат алған билік осылайша зейнетақы жинағының кіріс бөлігін арттырмақ. Әрі экономиканың нақты секторын қаржыландырудың тағы бір жолын ашып, өткен жылы қытайлық компаниялардың жалпы капиталын үш есеге дейін құлдыратқан биржалық дағдарыстың салдарын жоюды көздеп отыр. Қазір қордың иелігінде 570 млрд доллар бар. Бұған дейін бұл қаржыны банктегі шоттарға салуға немесе мемлекеттік облигацияларға инвестициялауға рұқсат берілген еді. Алайда кіріс бөлігі жылына 3 пайыздан аспай, инфляция деңгейінен сәл ғана жоғары болып келді. Енді зейнетақы жинақтарының 30 пайызын А классты табысы жоғары акцияларға салуға болады. Мұндай тәжірибе зейнетақы қорларын экономикада "сарқылмас қаржы" көзі деп санайтын дамыған елдерде кең таралған. Қытайлық зейнетақы активтерін биржада 14 басқарушы, 6 сақтандыру және бір инвестициялық компания басқарады. Қаржының алғашқы траншы алдағы жарты жылдықта немесе бір жыл ішінде түседі. Сарапшылар Қытайдың қаржы нарығында әзір маңызды өзгерістер болмайтынын айтады. Олардың пікірінше, әлеуметтік сақтандыру қорының биржалық операторлары үшін инвестициялық жоспар даярлауға уақыт керек. Ал үкімет зейнетақы жинағындағы ақшаны ірі жобаны жүзеге асырып жатқан мемлекеттік компанияларға салуды көздеп отыр.

"Меніңше басқарушылары бірінші кезекте қысқа және ұзақ мерзімді инвестициялардың үлес көлемін бағалап алуы қажет. Толыққанды бағалау мен тиісті табысқа қол жеткізуге арналған жоспар құру біраз уақытты алады. Бұл біртіндеп жүзеге асатын процесс болғандықтан, бар қаржыны бір траншпен салмайды деп ойлаймын", – деді Oriental Securities инвестициялық компаниясының бас сарапшысы Шао Юй.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу