Қытайдың есебінен Қазақстан криптодержаваға айналды

1273

Әлемді өрмекшінің өрмегіндей торлаған интернеттің қолынан келмейтіні жоқ. Ақшаға күнделікті ақша қосып отыратын криптомайнинг желісі пайда болғалы оған талай қазақстандық ден қойған. Майнинг қондырғыларын орнатып, криптовалютаның желісіне қосылған. Ондай қондырғылар сатылады. Кейбіреулер оны көбейтіп, фермаға айналдырып та алды. Қондырғылар күндіз-түні электр қуатына қосулы күйде жұмыс істейді.

Қытайдың есебінен Қазақстан криптодержаваға айналды

Қытайдың есебінен Қазақстан биылғы жылы криптомайнингтің державасына айналды десек те болады. Себебі Қытайда көктемде майнингке шектеу қойылып, ондағы криптоферма ұстаушылар асай-мүсейімен Қазақстанға ағыла бастады. Ол жақтан мыңдаған қондырғы жеткізіліп, іске қайта қосылды. Осы жақында ғана тағы 2 мың қондырғы әкелінді.

Фермаға айналған майнинг қондырғылар жылына жүздеген миллиард теңгеге дейін табыс табатын көрінеді. Әрине, одан елдің экономикасына түсетін бөлігі де бар. Есеп бойынша қазіргі тұрған майнинг фермалар елімізге жылына 100 миллиард теңгенің шамасында пайда келтіреді екен.

Майнинг фермалары ақ және қара деп бөлінеді. Ақтары Энергетика министрлігіне тіркеліп, заңды жұмыс істейді, электр қуатын "КЕГОК" компаниясынан сатып алады. Ал қарасы криптовалюта желісіне өз беттерінше тіркеліп алған ұрлықы фермалар. Көптеген тұрғындар екі-үш миллион теңгеге кіші көлемдегі екі-үш қондырғыны сатып алып, өз пәтерлеріне орнатып та алған. Олардың әрекеті де ұрлықы болса керек. Есесіне банк шотына ай сайын бірнеше жүз мың теңге өзінен-өзі ағылып тұр. Қондырғы көбейген сайын ақшаның түсімі де арта береді.

Криптовалюта – онлайн-платформада жасалған цифрлық ақша. Оның компьютердегі платформасы мен ондағы жасалатын әрекеттерін майнер дейді. Цифрлық ақша күн сайын ақша туып отырады.

Майнингке бой ұрған адам пулдардың біріне тіркеледі және тапқан цифрлық ақшасы сақталатын әмиян ашады. Майнер күн сайын күрделі математикалық есептердің жауабын іздеумен айналысады. Тапқан дұрыс жауабының әрбірі үшін цифрлық ақша, яғни биткойн табады. Майнингтің иесі цифрлық ақшаны биржада сатады да банк картасынан ақшаны шығарып алады. Ал майнинг фермаларға келсек, онда мыңдаған майнер жұмыс істеуі мүмкін.

Осы күні елдегі майнинг саласында мыңға тарта адам жұмыс істейтін көрінеді. Олар – инженерлер, энергетиктер, электриктер, ІТ-мамандары, электроника мамандары. Майнинг саласында ІТ-мамандарға, инженерлер мен электриктерге сұраныс артқан. Олардың жалақысы да жоғары. 

Қазақстанда майнинг өндіруді дамыту мақсатында таяуда ел Президенті майнерлердің салық төлеуі туралы заңға қол қойды. Заң 2022 жылдан бастап қолданысқа түседі. Оған қоса майнинг өндірушілер үшін 1 квт/сағат  электр энергиясына 1 теңге төлеу тәртібі енгізілді.

Сарапшылардың божамы бойынша, майнинг саласы алдағы бес жылда экономикаға жыл сайын 1,5 миллиард доллар алып келетін жағдайға жетуі мүмкін. Ал төлейтін салығы жылына 400 миллион долларға шығады деп күтілуде.

Әрине, майнинг саласын электр энергиясымен қамту керек болады. Әзірге жетпеген қуатты Ресейден сатып алудың келісімі жасалып жатыр. Ал келешекте электр қуатын молынан өндіруге электр станцияларымыз да, көміріміз де жеткілікті.

Қытай басшылығы майнинг фермаларының жұмысын әзірге шектегенімен келе-келе бұл істі қайта жандандыруы да мүмкін. Онда майнинг  энергетикалық күрделі жағдайға байланысты уақытша шектелген сияқты. Қытай жақта кәсіпорындардың біразы да жұмысын тоқтатып жатыр.

Ел ішінде майнингке қатысты түрлі алып-қашпа сөз көп. Ол бүкіл электр қуатын жұтып жатыр, соның кесірінен электр қуаты жетіспеуге айналды деп жатқандар бар. Оның қаншалықты рас екенін кім білсін. Бір белгілісі – майнинг саласының жұмыс істеуіне мемлекеттің өзі мүдделі. Қазіргі уақытта майнинг фермаларының көптігі жөнінен бірінші орында Америка болса, екінші орынға Қазақстан шығып отыр.

Нағашыбек Алдан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу