Атырау облысында 2016 жылы тек қана қыз балаларды оқытатын дарынды қыз балаларға арналған мамандандырылған мектеп-лицей-интернаты ашылды. Қазіргі күні онда 252 оқушы бар, оның 180-і жатақханада жатып білім алуда, деп жазды inbusiness.kz тілшісі.
Аталған білім мекемесі қыздар лицейі деген атпен жақсы таныс және осы уақыт аралығында түрлі білім сайыстарында көзге түсіп, облыс намысын қорғап келеді. 2019-2020 оқу жылында лицей облыс, республика деңгейіндегі олимпиада, ғылыми жоба жарыстарынан бөлек, "Owiypia" олимпиадасында 5 алтын, 12 күміс жүлде еншілеген. 2020-2021 оқу жылында "Mostratec" халықаралық олимпиадасынан лицей қыздары 1 және 3 орындарды иеленеді.
Айта кетейік, білім ошағында жаратылыстану пәндері ағылшын тілінде өтеді, одан бөлек, түрік тілі пәні бар, нәтижесінде, 7 сыныптан бастап түскен қыз балалар лицей бітіргенде қазақ, орыс, ағылшын, түрік тілдерінде сөйлеп шығады. Лицей директоры Бауыржан Құлмағамбетовтың айтуынша, биыл оқушыларға 9 сыныптан бастап қытай тілі енгізілген, оны қыздар ерікті түрде оқиды.
Өңірде тек ер балаларға арналған Атырау облыстық "Білім-инновация" лицейі көптен бері жұмыс істейді. Кейірінек ұлдарды оқытатын лицей-интернат Жылыой ауданында да ашылды. Сонымен қатар, қыздарды бөлек оқытатын мектепке деген сұраныстың көп болуы осы лицейдің пайда болуына алып келді. Бұл жүйенің ерекшелігі неде? Ұлдар мен қыздар бірге оқитын дәстүрлі оқу жүйесінен қандай айырмашылығы бар?
"Шындап келгенде, "минусынан" "плюсы" көп. Ер балалармен бірге оқыған кезде қыздар пәнде нашар игеруден, сабақты білмей қалудан қысылады, білмегенін басқалардан сұрауға ұялады. Бұл жерде қыздар бұл жағынан еркін, тату, бір-біріне көмектесіп, қолдап отырады. Екіншіден, жасөспірім шақта ұлдар мен қыздар бір-біріне ұнауға тырысады, соған көңілі бөлініп, сабағын ақсатып алуы мүмкін. Балаларды бөлек оқытқанда бар ынтасы тек оқуға ауатындықтан, білім деңгейлері де артық болып жатады. Үшіншіден, ер балалар мен қыз балалардың психологиялық дамуында да айырмашылықтар бар. Мәселен, қыздар ерте есейеді. Жан-жақты, терең ойлайды. Олармен жұмыс жасау оңайырақ. "Мына кабинеттің ішін жөндеу керек еді" деп әңгіменің шетін айтсаң болды, әрі қарай қыздар түрлі фантазиясын пайдаланып, оны әп-сәтте көркемдеп тастайды. Мұндайда ер балаларға көрсетіп, нақтылап айтуың мүмкін. Сосын, қыз балалар, әрине, нәзік, кей жайларды көңілдеріне тез алып қалады", - дейді лицей директоры Бауыржан Құлмағамбетов.
Дегенмен, бұрын Алматыдағы қыздар лицейінде қызмет атқарған лицей басшысының бұл жағынан тәжірибесі бар. Педагогтар құрамына қатысты айтсақ, олардың 30 пайызын ер мұғалімдер құрайды. Сондай-ақ, мұғалімдер бірнеше жыл сайын "Білім-инновация" лицейлері желісі бойынша ротация жүйесімен ауысып отырады. Бұл олардың бір жерде ұзақ уақыт жұмыс істеп, таптаурын болып қалмауы, педагогикалық біліктілігін дамытуы үшін оңтайлы әдіс екенін көрсетіп келеді екен.
Елдің батыс аймағы бойынша дарынды қыз балаларға арналған лицей Атырау және Ақтөбе қалаларында бар.
Құралай Қуатова