Қызылордада қыз-келіншектер тізгінге "таласа" бастады

Өңірде жүргізуші куәлігін алғысы келетіндер саны 2 есеге азайған.  

Қызылордада қыз-келіншектер тізгінге "таласа" бастады Фото: canva.com

Биыл емтихан тапсырғандардың 49 пайызы теориялық тұрғыдағы тестке дайын болмай отыр.
Бір қызығы, облыста көлік тізгіндегісі келетін қыз-келіншектердің қатары ер-азаматтарға жетеғабыл, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі 

"Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының Қызылорда облыстық филиалының мәліметінше, жыл басынан бері 5228 тұрғын жүргізуші куәлігін алуға өтініш білдірген, оның 2500-і – нәзікжанды. Демек, қыз-келіншектердің көлік тізгініне "таласа" бастағаны байқалады. 

– Биыл теориялық емтихан тапсырушы үміткерлер саны өткен жылмен салыстырғанда екі есе азайды. Мұндай жағдай практикалық емтиханда да байқалып отыр. 

Айта кетейік, осы жылдың сәуір айында ережелерге өзгерістер енгізілді. Енді жүргізушіге арнайы курстарды аяқтағаны туралы куәлік алу қажет, содан кейін ғана ол арнайы ХҚКО-да емтихан тапсыра алады, - дейді ХҚКО мамандандырылған бөлімінің бас маманы Бағлан Ботабеков.

Қызылорда облысында 5228 үміткердің жартысынан көбі, яғни 51%-ы теориялық емтиханды сәтті тапсырған. Ал 2562 қызмет алушы емтиханнан өте алмауы салдарынан практикалық емтиханға жіберілмеген. 

– Биыл көлік тізгіндеуге ниетті болып, жазда жүргізуші куәлігін алу үшін автомектепте оқыдым. Жол қателікті кешірмейді, сол себепті жол ережелері мен өз міндеттеріме жауапкершілікпен қарау мен үшін маңызды болды. Қуанышыма қарай, жол куәлігін алуға арналған екі кезеңнің біріншісі, теориялық тесттен сәтті өттім. Алайда екінші кезең, практикалық емтихан үшін тиянақты дайындық қажет болды. Ол үшін арнайы Қызылорда қаласының автодромына барып, күнделікті тәлімгермен сабақ өтіп отырдым. Куәлікті алу "жүгірісі көп" шаруа болды.
Жалпы байқасаңыздар, қазір руль тізгіндеген нәзікжандылар саны күн санап артып келеді. Қоғамда таптауырынды ой қалыптасып қалған, яғни көлік жүргізген қыз-келіншектерге деген жағымсыз пікір көп. Алайда бұл – қате. Себебі, әйел адам көлік айдаса, жолға ер-азаматтардан гөрі жауапкершілікпен қарайды. Тәуекелге барып, өзінің де, өзгенің де өмірін қатерге тікпейді. Сондай-ақ, кез келген мәселені заңды жолмен шешуге тырысады, - дейді қала тұрғыны Нұршат Нышанова. 

Өңірде өткен жылмен салыстырғанда биыл жүргізуші куәлігін алуға үміткерлер саны екі есеге азайыпты. Мамандандырылған бөлім қызметкерінің айтуынша, бұл емтихан талаптарының қатаңдатылуына байланысты болып отыр. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу