Қызылордадағы "Police SOS" қаншалықты қызмет етіп жатыр?

Қылмыс бола қалса, полицияға хабар беретін "Police SOS" құрылғылары шаһардың 15 нүктесіне қойылғанымен, аудандарда атымен жоқ.

Қызылордадағы "Police SOS" қаншалықты қызмет етіп жатыр?

Биыл 10 мамырында іске қосылған дәл осы "дабыл батырмалары" арқылы 8 ғана хабарлама түскен, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. Ел арасында "Қылмыстық оқиғаға тап болғандар "Police SOS" атты жазуы бар құрылғыға емес, телефонға жүгінеді" деген пікір бар.

Қызылорда облыстық полиция департаментінің дерегіне сүйенсек, осы күні Қызылорда қаласында 15 дана "дабыл батырмасы" орнатылып, жұмыс атқаруда. Қала орталығынан бөлек басқа аудандарда бұл құрылғылар орнатылмаған.

Белгісіз біреу ұялы телефоныңызды және т.б. заттарын тартып алып кетсе, болмаса байланыс құралын жоғалтып алған жағдайда осы дабыл батырмалары арқылы көмекке полиция қызметкерлерін шақырта алады.

Осы уақытқа дейін "дабыл батырмалары" арқылы 8 хабарлама түсті. Оның барлығына қызмет көрсетілді. Батырма арқылы ұрлық, бұзақылық, қоғамдық орында мас азаматтың жатқаны, отбасылық жанжалдар және т.б. хабарламалар тіркелді, деп хабарлайды облыстық полиция департаменті.

Біз жолығып сұраған қала тұрғынының бәрі аталған құрылғылардың қызметін білсе де, қолданып көрмегенін айтты. Олар үшін ең оңайы телефон арқылы полицияға хабар беру екен.

Осы күнге дейін "Police SOS" деген жазуы бар құрылғыларды 4-5 жерден көрдім. Бірақ, оның қызметіне жүгінгендерді байқамадым, мүмкін бұл телефонын жоғалтқандар мен телефоны жоқтар үшін шығар. Көшедегі қылмысты полицияға хабарлау үшін "дабыл батырмасы" міндетті түрде қажет деп ойламаймын. Керек адам телефонын пайдаланады, телефоны болмай қалса, басқа біреуге айтып қоңырау соғады, - дейді есімін айтқысы келмеген қала тұрғыны.

Қала тұрғындарының кейбірі аталған құрылғыны қалай қолдану керектігін білмейтінін жеткізді. Бірақ, қылмыстың ізін суытпай ашуға арналған "дабыл батырмалары" туралы түсіндірме жұмыстары кеңінен жүргізілген. Оны Қызылорда облыстық полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Ш.Амитов айтты.

Аталған құрылғылар бойынша жұртшылыққа жергілікті теледидардан және әлеуметтік жүйелері (Instagram, Facebook) арқылы толықтай түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Полиция қызметкерлеріне бұл құрылғылардың көмегімен қылмыстардың ізі суытпай ашуға көп көмегін тигізеді. Қала тұрғындары және қонақтары "дабыл батырмалары" арқылы өзінің немесе өзгенің өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жағдайда немесе басқа да оқиғаларға кездескен жағдайда аталған құрылғыларды қолдана алады, - деді ол.

Әрине, "Police SOS" құрылғысы арқылы 5 айға жуық уақытта 8 хабарлама түссе, Қызылорда қаласындағы қылмыс деңгейінің төмендігін білдіретіндей. Мұны qamqor.gov.kz құқықтық статистика порталы да растайды. Қызылорда облысындағы қылмыстық оқиғалар өзге өңірлерге қарағанда әлдеқайда төмен цифрларды көрсетеді. Жыл басынан бері облыс бойынша 1629 қылмыстық құқықбұзушылық оқиғасы тіркелген және сотқа дейінгі тергеу басталған. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу