Осыған дейін 3 кітабын оқырманға ұсынған электрик-аудармашыны inbusiness.kz тілшісі әңгімеге тартқан еді.
Кейіпкеріміз Бақтияр Мырзаш – Сырдария ауданы, Сәкен Сейфуллин ауылының тұрғыны. "Әлем әдебиетінен аудармалар", "Қисық жол" және "Күйзеліс терапиясы" кітаптарының авторы.
Энергетика саласының ардагеріне "Аударма ісіне қалай келдіңіз?" деп сұрақ қойған едік.
- Мен өткен ғасырдың 1959 жылынан бастап кітап оқып келе жатырмын. Яғни, қазір кітаппен дос болғаныма 65 жыл болды. Осынша жыл кітап оқыдық, кейінірек жүйелеп, таразылап оқитын болдық, оның арасында газет-журналдар да бар. Менің бір байқағаным, болған оқиғаға әр ұлт өз түсінігінде, өз көзімен, өз төрінен қарайды. Содан маған ой келді, "неге мен оқыған шығармаларымды қазақы қалыпта аударып, халыққа қызмет жасамаймын?" деген. Солайша 2010 жылы Проспер Мериме деген орыс жазушысының "Маттео Фальконе" деген әңгімесін аудардым. Бірақ, шетіне "көпшілікке оқуға жарамайды, көркемдік жағынан да, басқа жағынан да" деп жазып қойдым. Бір күні осы қолжазбаны қызым маған айтпай алып кетіп, редакцияға ұсыныпты. Ол жақтағы редакторлар "Мынау дайын тұрған дүние ғой" деп газетке басқан. Содан менің екінші тынысым ашылды, - дейді аудармашы.
Бақтияр Мырзаш М.Лермонтовтың "Фаталист" деген әңгімесіндегі осы сөзді қазақша "жазмыш" деп аударғанын айтады. Жалпы, аударма ісі асқан жауапкершілікті талап етеді. Бір сөзді аударуға, мағынасын жоғалтпай тамыршыдай тап басу үшін қаншама уақыт жоғалтуы мүмкін.
- Адам бойындағы ұнамды қасиет, белгілі бір іске ерекше құмарту, қызыға шұғылдану қарапайым еңбек адамы Бақтияр Мырзашқа тән екен. Ол кісінің жан-жақтылығы, көп білетіндігі, әсіресе шетел әдебиетін құмарта оқитындығы өзін зиялы санайтын анау-мынау адамыңнан осал етпейді. Аузымен құс тістеген танымал шетел жазушылары Ги де Моппассан, Магомед Гасан-Гусейнов, Михаил Шолохов, Максим Горький, Владислав Рубанов, Антон Чехов, Стендаль (Мари-Анри Бейль), т.б. әңгімелерін мұртын бұзбай, мазмұнынан алыстамай, қазақ оқырманының жанына жақын тілмен тәржімалап жүр.
Аудармашы көптеген шығарманы қазақ тіліне сәтті аударып, оқиғаларды қиюластырып, оқырманды жалықтырмайды. Бір деммен оқып шығуға болады. Кәсіби маманнан еш айырмашылығы жоқ деуге болады, - дейді журналист Нұржан Әбжанұлы.
Бақтияр Мырзашты ауыл тұрғындары музыкант, суретші деп те таниды. Ауыл кітапханасын әлдеқашан тауысқан кейіпкеріміз көпшілікті кітап оқуға, сауатты болуға шақырады.