Қызылордалық оқушы қой жүнінен тыңайтқыш жасады

Өсімдіктер үшін қажетті барлық қоректік зат қой жүнінде кездесетін көрінеді. 

Қызылордалық оқушы қой жүнінен тыңайтқыш жасады Фото: Ердәулет Қалиев

Сондай-ақ, ол қазбалы отыннан алынған тыңайтқыштарды да сәтті алмастыра алады.

Тақырыпты тереңірек зерттеп, ғылыми айналымға енгізуге тырысып жүрген жас ғалымды және жетекшісін inbusiness.kz тілшісі әңгімеге тартқан еді.

Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Қ.Нұрмаханов атындағы №95 орта мектептің 11-сынып оқушысы Ақарыс Қалымбет қой жүнін пайдаланып, тәжірибе ретінде картоп егіп көрген. Оның айтуынша, қой жүні – кератинге бай әрі таптырмас тыңайтқыш.

"Қой жүнінен түйіршіктер түрінде тыңайтқыштарды пайдалану, тасымалдау жеңіл әрі тиімді. Ол малға азық дайындайтын құрылғының құрылысына ұқсастырылып жасалынады. Қой жүні кератинге бай және оны бақшада ұзақ мерзімді органикалық тыңайтқыш ретінде пайдалануға болады. Қой жүні өсімдіктердің айналасына тікелей таралады, топырақпен өлшенеді және жақсы суарылады. Қой жүнін түйіршіктер түрінде қолдану оңай. Жуылмаған қой жүнінің құрамында он екі пайызға дейін азот, сонымен қатар салыстырмалы түрде көп мөлшерде калий, күкірт, магний және аздап фосфор болады, жалпылама айтқанда өсімдіктер үшін маңызды барлық қоректік зат бар.

Зерттеу жұмысының тәжірибесін үй жанындағы бақшалық жерге картоп өніміне қой жүнін органикалық тыңайтқыштар ретінде қолдана отырып жасауды жоспарладық. Тәжірибе сәуір айында жерді дайындаудан басталды. Тәжірибе алаңы ретінде ұзындығы – 8 метр, ені 1,5 метр көлемінде жер алынды", - деді ол.

Тірі қойдың терісі ланолин затына байланысты майлы және су өткізбейді. Алайда жерде жүн – жақсы су қоймасы. Су сіңемін дегенше біраз уақыт кетеді, өйткені топырақ ағзалары алдымен ланолинді тазартуы керек, бұл тыңайтқыштың әсерін ұзақ мерзімге арттырады.

"Зерттеу жұмысы барысында қой жүнін органикалық тыңайтқыштар үшін шикізат ретінде сәтті қолданудағы зерттеулерге ізденіс, талдау жұмысы жасалды. Дублин университетінің (Ирландия) зерттеушілері өзінің жаңа зерттеуінде қой жүнін органикалық тыңайтқыштар үшін шикізат ретінде сәтті қолдануға болатындығын анықтаған. Бұл туралы Irish Farmer Journal жазады. Қой шаруашылығы ауыл шаруашылығының негізгі бағыттарының бірі болғандықтан, одан өсімдік шаруашылығына да пайда табу маңызды.

Мамандар жүн гидролизі, яғни жоғары температура, қышқылдар, ферменттер мен сілтілердің әсерінен ақуызды ыдыратып, одан қоректік заттар алу үшін оны өңдеу көмектеседі деп тапты. Атап айтқанда, ғалымдар азот, күкірт, мыс және мырыш ала алды. Осылайша, қой жүні қазбалы отыннан алынған тыңайтқыштарды сәтті алмастырса керек", - дейді жоба жетекшісі, география пәні мұғалімі Назира Сәдуақас.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу