Сондықтан да, мұндағы жұртшылық суды жылытатын арнайы құрылғы пайдаланады.
Мамандар электрлі су ысытқыш қондырғысына қарағанда, орталықтандырылған ыстық су жүйесіне қосылудың тиімділігі 66%-дан жоғары екенін айтады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Өткен жылы ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда облысына жасаған сапарында осы мәселені түбегейлі шешуді тапсырған болатын.
Қызылорда қаласы әкімінің міндетін атқарушы Ғалымжан Еркебай алдағы екі жылда тұрғын үйлерге ыстық су берілетінін айтады.
- Қызылорда қаласындағы 781 үй орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Оның ішінде, 174 үйді ыстық суға қосуға мүмкіндік бар, 68 тұрғын үй дайын тұр. 424 үй қаржыландыруды қажет етеді. Сондай-ақ, 184 үйді қосу мүмкін емес. Себебі, аталған тұрғын үйлердің өжірелері, жылу элеваторы жоқ, кейбір тұрғын үйлер апатты болып тіркелген.
Қаржы қажет етілетін қаладағы 424 көпқабатты тұрғын үйді ыстық су жүйесіне қосу үшін демеушілік есебінен құны 26,2 млрд теңгені құрайтын 32 жоба әзірленді, - дейді ол.
Жалпы, Қызылорда қаласын ыстық сумен қамту жұмыстары екі кезеңмен жүргізіледі. Бірінші кезеңде, яғни биыл – 187 үй, екінші кезең 2025 жылы 237 үй ыстық суға қосылады.
- Жоба бойынша осы жылы қаламыздың Оңтүстік қазандық пен автономдық қазандықтар арқылы жылытылатын үйлер, яғни қаланың Оңтүстік және орталық бөліктері, Шұғыла, Сырдария, Сол жағалау мөлтек ауданы және Тәуелсіздік, Бейбарыс көшелеріндегі көпқабатты тұрғын үйлерге ыстық су жүйесі жүргізілетін болады.
Биылғы жылы Үкімет резервінен 11 млрд теңге бөлініп, 187 үй орталықтандырылған ыстық сумен қамту үшін мемлекеттік сатып алу конкурстары жарияланып, жеңімпаз мердігер мекемесі анықталды, - дейді Қызылорда облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Медет Усаин.
Еске салайық, облыстың экс-әкімі Қырымбек Көшербаев 5-6 жыл бұрын "Қызылорданы ыстық сумен қамтитын жобаны әзірледік" деп сұхбат берген болатын. Десе де, тұрғындардың алдағы 2 жылда аристонмен қоштасатыны белгілі болып жатыр.