Қызылордалықтар балықтың қырылмауына түрлі тәсіл қолданып жатыр

Үкі ою – суы 2 метрден терең өзен-көлдерге қолданылатын әдіс.  

Қызылордалықтар балықтың қырылмауына түрлі тәсіл қолданып жатыр Фото: inbusiness.kz

Осыған дейін облыста 80-нен аса мұзойық ойылған.

Inbusiness.kz тілшісі сала мамандарынан мұз астындағы тіршілік иелерінің өмір сүруіне барынша мүмкіндік жасауда қандай жұмыстар атқарылып жатқанын сұрады.

"Облыс аумағында орналасқан балық шаруашылығы су айдындары және резервтік қорда орналасқан су айдындарында ауа райының салқындауына байланысты мұз қабаты қалыңдап жатыр. Осы орайда судағы тіршілік иелерінің өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау жалғасуда.

Арал, Қазалы, Шиелі және Жаңақорған орман шаруашылықтары мекемесінің мамандары резервтік қорда орналасқан "Ақбілек", "Төртқұлақ", "Қамыстықақ" және "Шұқыр-ой" көлдерінде балықтардың жаппай қырылу қаупін алдын алу және судағы өзге тіршілік иелеріне оттегі жеткізу мақсатында үкі ою жұмыстарын жүргізді", - деп хабарлады Қызылорда облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының баспасөз қызметі.

"Балық шаруашылығы ғылыми өндірістік орталығы" ЖШС Арал филиалының директоры Тынысбек Барақбаев бұл процестің маңыздылығына ерекше тоқталып өтті.

"Мұз ою жұмыстары қыс уақытында мұз астындағы судағы еріген оттегі мөлшерін арттыру үшін жүргізіледі. Мұз бетіндегі ойықтар атмосфералық ауаның су қабатына енуіне ықпал жасайды. Қосымша ойықтарға қамыс бумаларын салу арқылы су астындағы балықтарға қажетті еріген оттегі мөлшері төмендеуінің алдын алуға болады. Аталған шараны тереңдігі 2 метр төмен су айдындарда тұрақты жүргізу аса маңызды шара", - деді ол.

Тынысбек Темірханұлы "Қызылорда облысында судағы тіршілік иелеріне "үкі оюдан" өзге қандай жаңа әдіс қолдануда?" деген сұрағымызға да жауап берді.

"Қыс кезінде су астына ауа айдағыш аэраторлар қолдану, гидро насостар арқылы су айналымдар және су бұрқақтар жасау арқылы су айдынның оттегілік режимін бірнеше есе ұлғайтуға болады", - деп жалғастырды сөзін.

Бүгінгі күні үкі ою жұмыстарына 24 адам, 6 техника жұмылдырылып, барлығы 83 мұзойығын ойып, қамыс бауларын, сабанын салу арқылы тіршілік иелеріне ауа жіберілген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу