Биыл Маңғыстау облысында балықпен айналысатын 3 кәсіпорын 45,5 тонна бекіре тұқымдас және жайын балықтарын өсірді. Ал, 2025 жылы өңірде 286 тонна балық өсіру жоспарланып отыр.
Биыл Түпқараған ауданында бекіре балығы мен уылдырық өндіретін ферма салу үшін 56 гектар жер учаскесі берілді. Ферма құрылысы 2025 жылдың басында басталады деп күтілуде. Жоба іске қосылғаннан кейін 30 тұрақты жұмыс орны ашылады. Ол да өз кезегінде жүйелі жұмыстың нәтижесі саналмақ. Мәселен, Швейцарияның әйгілі балық фермасы бассейнде бекіре тұқымдас балық түрлерін өсіру және ас уылдырығын өндіру жобасын іске асырады. Бұл – өте ауқымды жоба. Жоба құны – 4,2 млрд теңге. Ал, Қарақия ауданында шаян тәрізділер мен балық өсіру жобасы іске асырылады.
Жалпы, 2025-2027 жылдары құны 12 миллиард теңге болатын 8 инвестициялық жобаны іске асыру көзделіп отыр. Оның ішінде ең ірісі – "Organic fish" серіктестігінің тор қоршамада бекіре тұқымдас балық түрлерін өсіру жобасы. Бұл жоба жүзеге асатын болса, облыстың балық шаруашылығы жаңа кезеңге көтеріліп, игілігін көпшілік көрер еді. Жобаның қуаты жылына – 5 мың тонна, инвестициялық құны – 7,4 миллиард теңге.
Аталған жобалар іске қосылған жағдайда "Қазақстанда жасалған" деген отандық бренд қалыптасып, ел нарығын жергілікті өніммен қамту жоспарланып отыр. Осы күні отандық өнімді көбейтуге Маңғыстау облысы ерекше басымдық беріп жатыр. Осы бір ғана балық шаруашылығының өзінде көптеген тың жобаның жүзеге асуға жақын екені қуантады. Бұл өңір экономикасына да айтарлықтай әсер етпек.
Осылайша, Маңғыстауда 30 жыл үзілістен кейін кәсіби балық аулау шаруашылығын дамыту қолға алынды. Кеңес дәуірі кезінде қарқынды дамып, кейін тоқтап қалған бұл шаруашылықты қайта жаңғырту үшін бірқатар инвесторлар тартылған. Бүгінгі күні Каспийден балық аулайтын заманауи кемелер де сатып алынды. Келер жылы тағы төрт кеме алу жоспарланып отыр. Осы жүйелі жұмыстар нәтижесінде 2025 жылы теңізден 20 мың тоннаға дейін балық аулау көзделуде.