Аталған қаржыға бас-аяғы 264 көшенің 185 шақырымға жуықтайтын жолы жаңарады.
Биыл Қызылорда қаласында жөнделіп жатқан көше көп. Оған қуанып-ақ жатқан жұртшылықтың да қарасы қалың. Десе де, ойпаңы ондай білінбейтін, қыраңы көп емес, бүтін көшелердің үстіне жаңадан асфальт төсеп жатқанына наразылар бар, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
"Қаланың кейбір көшелерімен жүре қалсаң, көлігіңнің дөңгелектері шұңқырларды санап, ойлы-қырлы көшемен ытқып-ытқып жүреді. Ол көшелердің жөнделген уақытын есіне түсіре алатын адам бар ма екен? Сондықтан, жөнделгеніне 5-10 жыл болған, жағдайы жаман емес көшелерді жаңалай бермей, шет аймақтарға, асфальттің не екенін білмейтін көшелерге де көз қырын салу керек. Тағы бір айтарым, жолды қабылдап алатын тапсырыс берушілер кәріз жүйесінің шұңқырларын жол жүруге кедергі келтірмейтінін қараса деймін. Мұндай кезде "іс бітті, қу кетті" деген мысал болатын сияқты. Сөзімді қаладағы Арай шағын ауданынан Тәуелсіздік даңғылына, Арай-2, Арай-3 мөлтек ауданының үстімен шығатын жол мен Жағалау жолы арқылы "Батыс" мөлтек ауданына қарай бағытталатын жолдар қуаттайды", - дейді қала тұрғыны Дәулет Тұрсынханұлы.
Жалпы, Қызылорда қаласында осы жылы 10 млрд 541 млн теңге бөлініп, қала мен оған қарасты кент және ауылдық округтерде жалпы ұзындығы 185 шақырымдық 264 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы күні жолдың кейбірі пайдалануға беріліп те үлгерген.
Н.Назарбаев даңғылының Б.Баймаханов көшесінен Бөкейхан көшесіне дейінгі аралықтағы 4,2 шақырымдық жолын "УАД" ЖШС жөндеп жатыр.
Мекеменің өкілі Самат Қармысақов 30 техника пайдалану арқылы 50 адамды жұмыспен қамтып отырғанын айтты.
"Көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Қазір 2 шақырымдық жолдың бір жақ беті қиыршық тас және асфальт бетонымен қапталып тұр. Төсеу жұмысын қыркүйек айына дейін пайдалануға береміз. Атап өтер жайт, тас төсеу тек күндіз ғана жүзеге асырылады. Түнде жасалған жұмыстың сапасы болмайды", - деді ол.
Қала тұрғындарының көкейінде "бүтін тұрған тас жолды неге жөндеп жатыр, шет аймақтарға неліктен көңіл бөлмейді?" деген сұрақ бар. Мұны олар әлеуметтік желіде де ашық айтып жатыр. Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Ғалымжан Еркебай мәселенің себебін түсіндіріп көрді.
"Облыс басшылығы елді мекендер мен шет аймақтарға көп көңіл бөлуде. Жолдардың 80%-дан астамы шет аймақтарға, яғни кенттер мен ауылдарға тиесілі екенін айтқым келеді. Қазір қала тұрғындары "асфальті бар көшені не себепті қайтадан асфальттап жатыр?" деген сұрақ қоюда. Біз жолдарды уақытында осылай күтіп-ұстап отырмасақ, келесі жылы ол жолдарға күрделі жөндеу жүргізу керек болады. Сәйкесінше, оның бағасы 2-3 есеге қымбаттап, облыс бюджетін шығынға ұшыратады. Жолдардың көбі тамыз айының 20-нан кейін пайдалануға беріледі деп жоспарлап отырмыз",- деді ол.
Қалай десек те, биыл шаһарда жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан көшелердің саны көп. Атқарылып жатқан жұмыстарға өз ризашылығын білдіріп жатқан тұрғындар да бар.
"КБИ мөлтек ауданындағы Қорқыт ата көшесінде 2020 жылдан бері тұрамын. Өз басым 3 жылдан бері жол азабын тартып келемін, бірақ бұл жолдың жөнделмегеніне біраз уақыт болғанға ұқсайды. 800 метрге созылған көшеде жол қатынасы өте қиын жағдайда еді. Мамыр айында көшеміз толығымен жөнделіп, көрші-көлем бір қуанышқа бөленді", - дейді Жасұлан Балғабаев есімді тұрғын.
Жалпы, тұрғындар жолдың жаңадан салынғанына қуанса да, сапасына алаңдайтынын жасырмайды. Себебі, қала аумағында жап-жаңа асфальтті жолдың жыл өтпей сыр беретінін олар көзбен көріп жүр.