Тиісінше, індетке шалдыққандардың 80%-ы екпе салдырмағаны белгілі болды. Жыл басынан бері Қызылорда облысында қызылша ауруының 1161 жағдайы тіркеліп отыр. Өкінішке қарай, оның 1017-сі – 14 жасқа дейінгі балалар, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.
Мамандар қызылшаға жұқтырғандардың басым бөлігі ауруға қарсы екпе алмағандар екенін ашық айтып, түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатыр. Десе де, өңірде 400-ге жуық ата-ана балаларына вакцина салдырудан бас тартып отыр.
Аймақта аурудан сақтанудың басты жолы ретінде бүгінгі күні тиісті контингенттер арасында (6-10 ай 29 күндік, 2-4 жас және медициналық қызметкерлер) қосымша жаппай иммундау 6 қарашадан басталып, 18940 адам қызылшаға қарсы екпе алған. Иммундау шарасы әлі де жалғасуда.
"Қызылша ауруы бойынша эпидемиологиялық ахуалдың тек біздің елде емес, бүкіләлемде күрделенуінің себебін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы халық арасында қызылша ауруына қарсы вакцинациялау барысының азайып, екпеден бас тартушылар санының артуымен байланыстырады. Себебі, ұжымдық иммунитет бәсеңдеген сайын, ауру жұқтырып алу қаупі күшейе түседі. Қауіп тобында – екпе алмаған, иммунитеті әлсіз адамдар", - деді Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мая Мирзанова.
Сонымен қатар, Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының оранбасары Әлия Әбдіқайымова ата-аналарды өз балаларының денсаулығы үшін ауруға қарсы вакцинациялауға шақырады.
"Қызылша – қызба, интоксикация, дақты-папулалы бөртпе, энантема, конъюнктива және жоғарғы тыныс жолдарының зақымдалуымен сипатталатын жедел вирустық инфекциялық ауру. Ол адамнан адамға ауа тамшыларымен жөтелгенде, түшкіргенде, сөйлескенде жұғады. Қызылшамен ауыратын адаммен тіпті қысқа уақыт қарым-қатынаста болған жағдайда екпе алмаған адамдардың қызылшаны жұқтыру қаупі өте жоғары", - деп түсіндірді ол.
Қызылордада ғана емес, еліміз бойынша қызылшадан ең тиімді қорғану жолы – уақтылы вакцинация екені айтылып, жазылып жатыр. Вакцинация Ұлттық екпелер күнтізбесіне енгізілген және екпе тегін жүргізіледі. Ол үшін қызылшаға қарсы қауіпсіз және тиімді вакцина қызамық пен паротитке (ҚҚП) қарсы компонентпен қоса қолданылады.
Абырой болғанда қызылшадан облыс бойынша өлім-жітім тіркелмеген.