Максим Рожин: Қазақстан – әр ұлтқа өз тілінде білім алуға мүмкіндік беретін мемлекеттердің бірі

985

Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамының вице-президенті Максим Рожин шетелдік саясатшылардың Қазақстанда орыс тіліне және өзге де тілдерге қатысты үрей бар деген уәждерімен келіспейді. Сондай-ақ мемлекеттік қызметкерлерді қазақ тіліне бет бұрылған заманда тенденциядан қалыспауға шақырады. Бұл туралы Қазақстан халқы ассамблеясының "Ел бірлігі – жаңарған Қазақстанның тірегі" атты отыз бірінші сессиясында айтты, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Максим Рожин: Қазақстан – әр ұлтқа өз тілінде білім алуға мүмкіндік беретін мемлекеттердің бірі

"Бүгінде елімізде мемлекет тарапынан кез келген этносқа өзінің тілін, өзінің мәдениетін білуге барлық жағдайлар жасалған. Оның бір дәлелі, елімізде орыс, өзбек, ағылшын, неміс тілінде жұмыс істейтін орта мектептер бар. Әлемде мемлекеттік бюджет қаржысынан балаларды туған тілінде оқытуға ақша бөлетін елдер саусақпен санарлық шығар. Менің ойымша, Қазақстан – сондай мемлекеттердің бірі. Оған біздегі орыс тілінде, ағылшын тілінде, неміс, өзбек тілдерінде білім беретін мектептер мысал бола алады", – деді Рожин.

"Сондықтан мен шетелдік саясатшылардың Қазақстанда орыс тіліне және өзге де тілдерге қатысты үрей бар деген уәждерді наразылықпен қабылдаймын. Мен тегі орыс қазақстандық ретінде ондай репликаларға жол жоқ деп есептеймін. Бұл еліміздегі шынайы көріністі бұрмалап көрсету екеніне сенімдімін", – деді ол. 

Ол халықтың мемлекеттік тілге бет бұрғанын, осы тенденциядан мемлекеттік қызметшілер де қалыспауы керектігін атап өтті.

"Біз қазір Халықаралық қазақ тілі қоғамы арқылы тілге арналған Көрнекі жобаны бастап жатырмыз. Бұл жоба көрнекі ақпарат туралы заңының талаптарын шағын және орта бизнеске түсіндіріп, орындауға ерікті түрде көмектеседі. Қоғам қазақ тіліне көшіп жатқанда  бұл талап мемлекеттік қызметкерлер үшін де күшеюі керек деп санаймын. Себебі қазақ тілі қазір қоғамның негізгі тіліне айналып келеді. Бұл – халықтың талабы. Сондықтан мемлекеттік қызметкерлер қазақ тіліне тапсыратын емтихан нәтижесі есептелуі керек деп есептеймін", – деді Максим Рожин.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу