Мал ұрлығы тоқтамай тұр

1682

 Ұрылардың жазасын ел алдына шығарып бергені дұрыс.

Мал ұрлығы тоқтамай тұр

Қызылорда облысында ет-сүт өнімдерінің бірнеше есе қымбаттауының бір себебі - мал ұрлығының артуынан. Ұрлық деңгейінің өсуі мал басын көбейтуге әсер етуде. Ұрлық болмаса мал шаруашылығымен ауыл тұрғындары көбірек айналысар еді, дейді ауылшаруашылық тауар өндірушілері.  

- Ауыл-аймақта мал ұрлығы өршіп тұр. Төрт-түлік қазақтың стратегиялық өнімі және өмір салты. Оған жасалған қастандық - бұл экономикаға, халыққа жасалған қастандық. Өзіміз барымташылардан әбден зәрезап болдық. Мал бағып, өсіп-өндіру өте қиын. Ал барымташыларды ұстау, оларға тосқауыл қою үшін халықты жұмылдыру одан да қиын, - дейді шаруа қожалығының иесі Ілияс Керімов.

Ал 10 мыңнан астам малы бар Әлібек Нәлібаев, мал қарайтын адам табу қиын және оның себебі де бар, деді.

- Малдың тілін білетін шопан табу оңай емес. Ауылдағыларды жалқау көрмеу керек. Олар қой бағудан емес ұрылардан қорқады. Себебі белгілі, малдың еті де, сүт өнімдерінің бағасы да шарықтап тұр. Облыста мал ұрлығын кәсіпке айналдырған топтар бар және полиция қаншамасын ұстаса да, мал ұрлаушылар тиылар емес. Сондықтан мен қой бағуға барғысы келмейтін адамдарды түсінемін. Әйтпесе, шопандар жақсы табыс табады, - дейді жаңақорғандық кәсіпкер.

Қызылорда облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері 144 мал ұрлығы тіркелген. 13 қылмыстық топтың 43 қылмысы ашылыпты. Полиция қызметкерлері, мал ұрлығының өсуі тұрғындардың кеш хабарлауынан дейді. Онысы түсінікті де. Өйткені өрісте жүрген малы келмей қалса, "бір келер" дейтін ауыл халқы дер уақытында іздестіре қоймайды. Жоғалғанын білгенмен арада уақыт өтіп кетеді. Осындай бейқамдықты пайдаланатын әккі ұрылар із кескенше ізім-ғайым жоғалады. Ал одан кейін ұрланған малды да, ұрыны іздестіруді жеңілдететін айғақтар мен іздер де жоғалады.

Биылғы жылдың 7 айында мал ұрлығымен ұсталған қылмыскерлер тергеу және сот процесі барысында жәбірленушілерге мал құнын өтеп, қылмыстық жауапкершіліктен босатылған екен. Жәбірленушілермен татуласуына байланысты 13 факті тоқтатылыпты.

- Ұсталған ұрылармен келісімге келмеу керек. Ұрылар көбіне өтемақысын беріп, жазадан жалтарып кетеді. Олардың жазасын ел алдына шығарып бергені дұрыс. Ең дұрыс тәсіл, ауыл-ауылды аралатып, халық алдына шығарып масқара ету, - дейді фермер Ілияс Керімов.

Бүгіндері облыстың полицейлері мен ветеринарлары ілеспе құжаттарсыз мал тасымалдау фактілерін анықтап, жауапкершілікке тартып жатыр. Рейдтік іс-шаралар барысында рұқсат хаттарсыз ет өнімдерін тасымалдайтын 55 автокөлік анықталып, тиісті шаралар көрілген. Бұл шара да ұрлықы мал қылмыстарын ашуға сеп болып отыр.

Нұрбек Дәуренбеков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу