Маман болып қалыптасу үшін біреулер мамандықты жақсы көру керек десе, кейбірі үздіксіз еңбектің нәтижесі деп айтып жатады. Қалай десек те, адам өміріндегі жауапты қадамдардың бірі. Кейде талапкер ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары ұпай алса да, өзіне сәйкес емес мамандық таңдап,қателесіп жатады. Ендеше мамандық таңдағанда қателеспеу үшін не істеу керек?
"Мамандық" латын тілінен аударғанда "жұрт алдында сөйлеу, жариялау" деген мағынаны білдіреді екен. Мамандық - сіздің елге ұсынатын үздік қырыңыз. Белгілі бір кәсіпті меңгерер алдында ең алдымен "Бұл менің қолымнан келе ме?" деген сауал қойыңыз.
Қай сала сізге жақын?
Қоғамда әртүрлі салалар бар: өнеркәсіп, құрылыс, орман немесе ауыл шаруашылығы, білім беру, денсаулық сақтау, сауда. Осы салалардың қайсысы жанға жақын, ал қайсы салада жұмыс істегіңіз келмейді, осыны анықтап алу керек. Осылайша қай салаға жақын екеніңізді анықтайсыз. Сонда да шешім қабылдау қиын болса, қазір ғаламторда кәсіби қабілетіңізді анықтап беретін тесттер бар, осы тест көмегімен қандай қабілетіңіздің жетік екенін анықтап алуға болады.
Қызығушылық бен қабілетті ескеру
Мысалы, химия және биология ұнаса, онда оқуға түсу үшін осы пәндерді таңдап, қандай мамандықтарға түсуге болатынын зерттеуге болады.
Ересектермен кеңесу
Оқушыға әдетте, еңбек нарығы мен жұмысқа орналасу ықтималдығын бағалау қиын. Сондықтан болашақта қандай мамандықтар өзекті немесе сұранысқа ие болатынын, қандай кәсіби дағдыларды дамытуға болады және қайда бару керектігін айта алатын тәжірибелі адаммен кеңесу маңызды.
Кәсіптік бағдарлау тесттерінен өту
Егер ойлануға уақыт болмаса немесе шешім қабылдау қиынға соқса, кәсіби бағдар тесттерінен өтуге болады. Оларды ғаламтордан таба аласыз. Сенімді нәтиже алу үшін бірнеше тесттен өтуге кеңес береміз. Кәсіби бағдар тестінен бөлек "Темперамент тесті", "IQ тесті", "Оқу тесті", "Мінез тесті" және "Шығармашылық тесті" деп аталатын тесттер бар.
Денсаулық ерекшеліктерін ескеру
Мамандықты таңдағанда, кейбір кәсіп түрлерінің денсаулық жағдайына байланысты талап қоятынын ескерген жөн. Мәселен, жүрегі ауыратын талапкер ұшқыш бола алмайды, ал аллергиясы бар адамдар химик немесе шаштараз мамандығын таңдай алмайды.
Түрлі мамандық туралы көбірек ақпарат жинау
Әр мамандықтың өз ерекшелігі болады. Мәселен, сол мамандық иесінің қандай құқықтары мен міндеттері бар екенін, осы лауазымға үміткер адамның жеке немесе кәсіби қасиеттері қандай болуы керек екенін және шамамен қанша табыс табатынын білуге болады. Оған қоса, әр түрлі мамандықтардың өкілдері туралы тақырыптық фильмдерді қарап, кітаптар оқып немесе сол саланың өкңлдерімен әңгімелесу де пайдалы.
Мамандықты игеру үшін білім алу мүмкіндігі
Мамандық таңдаған кезде білім алу мүмкіндігін де ескерген жөн. Оның екі жолы бар: біріншісі – мемлекеттік грантпен оқу, екіншісі – өз қаржыңызға оқу. Егер грантта оқуды жоспарласаңыз, ол үшін қанша балл жинау керек екенін, өткен үш жылдағы грантқа түскен ұпайлар статистикасын зерттеп шығу артық етпейді. Осыған сәйкес өз күшіңізді бағамдайсыз. Сіздің байқау сынағынан алып жүрген балыңыз бен конкурстың өту балын салыстырып, өз мүмкіндігіңізді бағамдай беруге болады. Егер грант ұтып алу қиынға соқса, онда екінші жолды қарастыра аласыз. Мұндай жағдайда сол мамандық бар бірнеше университетті қарап, оқу ақыларын салыстырып, өзіңіздің қаржылық мүмкіндігіңізге қарай шешім қабылдайсыз. Ақылы бөлімде оқуға мүмкіндігіңіз болмаса, дайындықты күшейтіңіз немесе мектептен кейін жұмыс істеп, оқу ақысын жинақтағаннан кейін білім алуға болады.
Мамандық сұранысқа ие ме?
Қоғамда сұранысқа ие мамандықты таңдап, жұмыс таба алмай жүргеннен гөрі ешкім білмейтін мамандықты игеріп, өз ісіңізді дөңгелетіп алып кету жақсырақ. Көбісі заңгер, мемлекеттік қызмет сияқты танымал кәсіпті оқып, қолына жоғары білім дипломын алғаннан кейін жұмыс таба алмайды. Мұндайда мамандықты ауыстыруға тура келеді. Білім алуға жұмсалған уақыт пен ақшаны босқа кетірмеу үшін нарықты зерттеу қажет. Мәселен, қазір ақпараттық технологиялардың дамыған кезі. Бүгінде маркетинг, SMM, сату, онлайн бизнес, онлайн білім беру сияқты салаларда жақсы табыс табуға болады. Сондай-ақ IT мамандары да жоғары жалақы алады. Өзіңіз таңдаған мамандықты жұмыс іздеу сайттарынан қарап көруге болады. Осы салада жұмыс істейтіндердің жалақысы қай аралықта екенін, қандай вакансиялар бар екенін қарап, анализ жасауға болады. Жас немесе тәжірибелі мамандарға қандай жалақы төленетінін, жұмыс беруші білімге, дағдыларға, кәсіби біліктілігіне қарай қатысты шарт қоятыны туралы ақпаратты анықтау қажет. Егер ұсынған жалақы көңіліңізден шығып, қызметке қажетті қабілет бойыңыздан табылса, сол мамандықты таңдауға болады.