МӘМС жүйесінде бір қазақстандықтың 82 тісі емделген

3593

МӘМС ақша табудың "заңды жолы" деді ол. 

МӘМС жүйесінде бір қазақстандықтың 82 тісі емделген Фото: Мәжіліс

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов МӘМС жүйесінің былығын әшкереледі, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Өзенде жүзіп келе жатқан бір қайықты елестетсеңіздер. Қайықтың түбі тесіліп, оған су жинала береді. Су тоқтар емес, ал қайықшы бұл тесікті жамаудың орнына, қолына шелекті алып, суды сыртқа төгумен әлек. Әрине, бұл ештеңені бермейді. Су әрі қарай жинала береді, қайық бата береді. Міне дәл осындай жағдай МӘМС жүйесінде болып жатыр. Мәселенің негізгі себебін жоюдың орнына тек оның салдарымен ғана күрес жүріп жатыр. Жүйелі реформалар орнына уақытша шаралар. Бастысы стратегиялық көзқарас жетіспейді. МӘМС-тің қазіргі моделі халыққа медицинаны қолжетімсіз етіп, шығынды көбейтіп, қаражаттың тиімсіз жұмсалуына әкеліп отыр", – деді ол Мәжілісте өткен Үкімет сағатында.

Асхат Аймағамбетов бірнеше мысал келтірді.

"МӘМС бойынша 5 айлық баланың тісін қаңғұрттан емдеген екен. Бес айында әлі тісі шықпаған баланың тісін қалай қаңғұрттан емдеуге болады? Бұдан да сорақы жағдай. Басқа бір адамның 82 тісі емделген екен және соған қаражат төлесін деп қорға тиісті есеп берген екен. Тағы да бір кейс. Бір күнде бір аурухана бір адамға 32 қызмет көрсеттік деп есеп толтырған. Мұндай мысалдар өте көп. Неге? Өйткені МӘМС бойынша енгізілген қаржыландыру жүйесінің өзі артық қызмет көрсету мен қосып жазуға итермелейді. Себебі қаражат әр емделген жағдай үшін емес, әр қызмет үшін төленеді. Нормативтер жоқ, цифрландыру жоқ. Ал клиникалық протоколдар мен тиісті стандарттар бұлыңғыр және ашық емес", – деп атап өтті ол.

Айтуынша, бұрын остеохондроз рентгенсіз де анықталатын. 

"Бірақ енді қазір қарайтын болсақ, остеохондрозды анықтау үшін бір науқасқа рентген, компьютерлік томография, МРТ жүргізіледі. Себебі бұл ақша табудың "заңды жолы". Неғұрлым көп қызмет көрсетілсе, клиникалық соғұрлым көп пайда табады. Жалпы төлемдердің тек қана бір пайызына ғана тексеріс жүргізілгенге дейін кейбір клиникалар тәуекелдерден қорықпай, осындай шараларға баратыны түсінікті. Осындай бейберекетсіздік біреуге тиімді болып отыр ма деген де ой бізді мазалайды", – деді Мәжіліс депутаты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу