Маңғыстауда ауыз су тапшылығы шешіле ме?

705

Табиғи ерекшеліктеріне байланысты Маңғыстауда ауыз су өзекті мәселе. Соңғы жылдары қарқынмен дамып жатқан өндірістік мекемелерді және халықты сумен қамтамасыз ету қиынға соғуда.  

Маңғыстауда ауыз су тапшылығы шешіле ме?

Облыста ауыз су тапшылығы, әсіресе жаз айларында байқалады. Қажеттілік тәулігіне 51 мың текше метр. Аймақтың даму деңгейін ескере отырып, 2025 жылға қарай суға деген қажеттілік тәулігіне 250-260 мың текше метр, ал тапшылық тәулігіне - 100-110 мың текше метрді құрайды деп болжануда.

Үкімет "Самұрық-Қазына" қорымен бірлесіп су тұщыту зауытын 2024 жылдың соңына дейін іске қосуы тиіс. Ауылдық жерлерде сапалы ауыз суға қол жеткізуді қамтамасыз ету мәселесі әлі де шешілген жоқ. Облыста 12 ауыл, яғни елді мекендердің 20% ауыз сумен қамтамасыз етілмеген. Биыл тек 4 ауылды ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарлануда. Бұл өте төмен көрсеткіш.

"Каспий" су тұщыту қондырғысының қуатын арттыру күн тәртібінде тұр.

"Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен 2019-2022 жылдары Ақтаудағы "Каспий" зауытының су тұщыту қондырғысының қуатын тәулігіне 40 000 м3 дейін ұлғайтуға 12,1 млрд теңге бөлінген. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Аталған нысанның құрылысы биыл бітсе, 220 мыңға жуық тұрғын ауыз сумен қамтылады. Мұнайлы , Ақшұқыр және Сайын Шапағатов, Құрық ауылдарының, Аграрлық аумақ және "Жылы жағажай" курорттық аймағы 100% сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі.

Мұнайлы ауданы халқының жыл сайынғы өсімін және Ақтау қаласының солтүстік бағытының белсенді дамуын ескере отырып ( жаңа 7 шағын ауданда шамамен 100 000 адам тұратын болады) қуаттылығы тәулігіне 60 мың м3 болатын "Каспий" су тұщыту зауытының III кезегін салуға дайындық басталды.

Жобалаушы - "ҚазНұр" жобалау-құрылыс институты 2022 жылдың желтоқсанында сараптамаға техникалық-экономикалық негіздеме ұсынуды жоспарлап отыр. Жобаның болжамды құны - 25 млрд. теңге. Жобаны іске асыру мерзімі - 2022-2025 жылдар аралығы.

Осылайша, "Каспий" зауытының өнімділігі тәулігіне 100 мың текше метр болады деп сендіреді мамандар.

Ақтау мен оған іргелес елді мекендер үшін ауыз судың негізгі өндірушілерінің бірі - қуаттылығы тәулігіне 52 мың текше метр болатын "МАЭК-Қазатомөнеркәсіп" ЖШС. Облыс орталығының 205 мың тұрғынын сумен қамтамасыз ету үшін бұл нысанның қуаты жеткіліксіз. Аталған кәсіпорынның негізгі жабдықтары өткен ғасырдың 60-90 жылдарында пайдалануға берілген. Қазір негізгі жабдықтардың 81% трзып тұр.

Кәсіпорында теңіз суын тұщыту үшін ескі жабдықталған  бес дистилляциялық тұщыландыру қондырғысы және жаңартылған үш көлденең-құбырлы буландырғыш  пайдаланылады. Жабдықтың пайдалану ресурсына 20 жыл болса да, қондырғыларды пайдаланудың нақты мерзімі 31 жылдан 40 жылға дейін.

Жоба мемлекеттік сараптамаға берілді. Оң қорытындысы шыққан соң республикалық бюджет есебінен қаржыландыру басталады. Құны 18,7 млрд. теңге болатын жоба 2023-2024 жылдары жүзеге асады деп жоспарланған.

Ақтауда жеке инвесторлар қуаттылығы тәулігіне 20 000 м3 тұщыту қондырғысын салу бойынша жоба жүргізуде. Оны 2023 жылы аяқтау жоспарланған. Жобаның құны - 4 млрд теңге. Нысан Ақтаудың жаңа шағын аудандары, сондай-ақ Ақшұқыр және Сайын Шапағатов ауылдарының тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз етуі тиіс.

Алдағы екі жылда Түпқараған ауданының үш елді мекенінде су мәселесі шешілетін болады. Жыл сайын жазғы кезеңде Форт-Шевченко тұрғындары мен Ақшұқыр және Сайын Шапағатов ауылдарының тұрғындарына кесте бойынша су беріледі.

Су тапшылығын жою үшін Түпқараған ауданының әкімдігі 2022-2023 жылдары Форт-Шевченкода қуаты тәулігіне 5 мың текше метрді құрайтын су тұщыту қондырғысын салуға ЖСҚ әзірледі.

Су тапшылығын Жаңаөзен қаласының тұрғындары мен іргелес елді-мекендердің 156 мыңға жуық адамы да көруде.

"Астрахань-Маңғышлақ" магистральдық құбыры арқылы тәулігіне 25 мың м3 су беріледі. Жаз айларында Жаңаөзен қаласының кей  елді мекендеріне су кесте бойынша беріледі. Санитарлық нормалар мен ережелерге сәйкес, ауыз суға деген жалпы қажеттілік - тәулігіне 42-43 мың м3. Жаңаөзен қаласының 2025 жылға дейінгі дамуын ескере отырып, ауыз суға деген қажеттілік тәулігіне 50 мың м3 құрайтын болмақ.

Бұл мәселені Кендірлі ауылында қуаттылығы тәулігіне 50 мың м3 су тұщыту зауытын салу арқылы шешу жоспарланған. Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесіне мемлекеттік сараптама қорытындысы алынды. Жобаның жалпы құны - 87,8 млрд теңге. Жобаны іске асыру мерзімі - 2022-2024 жылдар. Жобаны бірлесіп іске асыру үшін халықаралық инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде.

 Маңғыстауда жер асты су көздерін пайдалану жоспарлануда. Бейнеу ауданы Боранқұл ауылында 2024 жылы өнімділігі - 80 мың м3 су тұщыту зауыты мен су сорғы станциясының құрылысы бойынша жобаны іске асыру басталады. Жаңа нысан Бейнеу ауданының Бейнеу, Есет және Боранқұл ауылдарының, Жаңаөзен қаласының, Қарақия ауданының Жетібай және Мұнайшы ауылдары, Еділ суын пайдаланатын Маңғыстау ауданының Сайөтес ауылының тұрғындарының ауыз суға қол жеткізуін едәуір жеңілдетеді. Зауыт өндіріс процесінде Төңірекшың кен орнының жер асты суларын пайдаланатын болады.

Маңғыстау облысына ауыз судың бір бөлігі Ресей Федерациясынан "Астрахань-Маңғышлақ"су құбыры арқылы келеді. Тәулігіне 17,5 мың текше метрді су құбырынан "Қаражанбасмұнай" өнеркәсіптік және шаруашылық қажеттіліктеріне алатын. Бұл мәселені шешу үшін компания ауыз суды алмастыра алатын су өндіретін зауыт салды.

Бұдан басқа, "ҚазТрансОйл" АҚ 1988 жылы пайдалануға берілген "Астрахань-Маңғышлақ" су құбырын жаңғыртуды қаржыландыру мәселесін пысықтауда.

Жақында Freedom компаниялар тобы №4 орталық сумен жабдықтау торабына дейінгі аумақта сорғы станциясы мен сумен жабдықтау желілерінің құрылысын қаржыландыру бойынша меморандумға қол қойды.

Бұл жобаны қаржыландыру 2,12 миллиард теңгені құрайды. Нәтижесінде 230 мыңға жуық тұрғын ауыз сумен қамтылады. Құрылысты аяқтау 2023 жылға жоспарланған.

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу