Маңғыстауда ауыз су тапшылығы шешіле ме?

388

Жаз мезгілінде өңірде су тапшылығы үдей түседі. 

Маңғыстауда ауыз су тапшылығы шешіле ме?        Фото: kun.uz

Тапшылықты 7 есеге азайтуға болады-мыс. Маңғыстау облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Әбдеш Түрікменбаев осындай мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, 2024 жылғы жазғы маусымда өңірде су тапшылығы деңгейін тәулігіне 77 мың текше метрден тәулігіне 11 мың текше метрге дейін төмендету жоспарланған. Мұны Сайын Шапағатов, Баянды, Ақшұқыр, Кендірлі ауылдарында, сондай-ақ Ақтау, Форт-Шевченко қалалары мен Қаражанбас кен орнында "Астрахань-Маңғышлақ" су құбыры мен Маңғыстау энергокомбинаты есебінен су тұщыту қондырғыларының өнімділігін арттыру арқылы жүзеге асыру қолға алынбақ.

"2025 жылға дейін қуаттылығы 286 мың текше метр болатын 9 жобаны кезең-кезеңімен іске асыру жоспарлануда. Алғашқы жобалардың бірі - "Қаражанбас" кен орнында қуаттылығы тәулігіне 17 000 текше метр суды тұщыландыру зауыты жұмыс істейді. Осы уақытқа дейін кәсіпорын "Астрахань-Маңғышлақ"су құбырынан су алды. Енді зауыт толық іске қосылғаннан кейін босатылған 17 мың текше метр су Жаңаөзен, Жетібай, Ақшымырау, Мұнайшы, Тұщықұдық, Қызан, Бейнеу ауылдары және басқа да елді мекендер тұрғындарының мұқтаждықтарына бағытталатын болады", - дейді энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы.

Ал, Маңғыстау облысының энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары Серікқали Қанапин: "Өңірде ауыз суға сараланған тарифті енгізу халық арасында төлем жасау бойынша қиындықтар туғызбайды. Бұл мемлекеттің субсидия беруіне байланысты шешіледі. - 2023 жылы облыстың 46 елді мекенінде 431 мыңнан астам тұрғын ауыз суды субсидиялаумен қамтылды. Тұтынылған ауыз судың 1 текше метріне тұрғындар 70-80 теңге төледі, ал қалған айырма бюджеттен субсидияланды", - деп атап өтті.

Биыл қосымша 10 елді мекенді субсидиямен қамту жоспарлануда. Осылайша, 434,7 мың тұрғынды қамтитын 56 елді мекен субсидияланатын болады.

Су тапшылығын жою бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы ақпаратты "МАЭК" ЖШС Бас директоры Қайрат Рахимов та ұсынды.

"Каспий теңізінің деңгейі төмендеген кезде теңіз суының тұрақты берілуін қолдау үшін ЖЭО-1 су жинау каналының өткізу қабілетін арттыру бойынша жобалар әзірленуде. Қазіргі уақытта бұл арнадағы су деңгейі 1,5-2 метрді құрайды. Бұл көрсеткіш жарты мертрге дейін азайып кетті. ЖЭО ғана емес, басқа да нысандарға су жеткізуге кесірін тигізуде. Қазір МАЭК-те екі метрге дейінгі белгіге жету мақсатында негізінен арна түбін тереңдету жұмыстары жүргізілуде. Тазарту үшін өзіміздің инновациялық дамуымызбен жер снарядын қолданатынымызды атап өткім келеді. Біздің мамандар "шаңсорғыш" режимін оңтайландырды, бұл үздіксіз тазалауға және "Каспий" тұщыландыру зауыты үшін қиындықтар туғызбауға мүмкіндік береді", - деді Қайрат Рахимов.

Маңғыстауда ауыз суға үздіксіз қол жеткізуді қамтамасыз ету басты мәселе. Оны шешу үшін кестемен су беруді ұстану, тіршілік нәрін үнемдеу, ысырапшылдықтан аулақ болу қажеттігі айтылып келеді.                                                                                                                                                                                                                                                                                                                

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу