Маңғыстау облысында қызылша ауруына күдікті 48 жағдай тіркеліп, науқастардан алынған қан сынамаларын зертханалық талдау нәтижесінде 36 жағдайда "оң" нәтиже анықталды. Өңірлік санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Бердібек Саралтаевтың хабарлауынша, облыста аурудың өршуі әр жылдары әртүрлі. Мәселен, 2015 жылы - 292, 2019 жылы – 1 422 және 2020 жылы – 361 жағдай тіркелген.
“Қызылша – ауа-тамшы жолымен жұғатын вирусты жұқпалы ауру. Ауру дене қызуының көтерілуімен, 2- 4-ші күндері теріге ақшыл қызыл түсті бөртпелердің шығуымен, жоғарғы тыныс жолдарының, ауыз-жұтқыншақ қуысының және көздің шырышты қабықшаларының қабынуымен басталады. Қызылшаны науқаспен қарым- қатынаста болған қызылша ауруына қарсы екпе алмаған адамдар жұқтыруы мүмкін”,-дейді Бердібек Саралтаев.
Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ләззат Есенғалиеваның айтуынша, қызылша ауруынан қорғанудың ең тиімді әдісі – вакцинация.
“Қызылша ауруы асқынса, салдары ауыр. Науқас есту, көру қабілетінен айырылып қалуы, энцефалит, ауыр диарея, құлақ инфекциясы, пневмония, жүрек ақауы секілді ауруларға шалдығуы мүмкін”,- дейді Лаззат Есенғалиева.
Айта кетейік, қазір облыста 16 396 доза қызылшаға қарсы екпе бар.