Ресейде өткізіліп жатқан Жеңіс парадына арнайы барған Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбековтың делегациясындағы екі адамның Covid-19 вирусын жұқтырғаны белгілі болды. Соның кесірінен қырғыз басшысы шараға қатыса алмай қалды. Енді Сооронбай Жээнбеков елге оралған соң оқшауланбақ. Бұл туралы президенттің баспасөз қызметі хабарлады.
"Президент Жеңістің 75 жылдығына арналған іс-шараларға қатысудан бас тартты. Президент аппаратының сыртқы саясат бөлімінің басшысы Данияр Сыдықов және күзет қызметі өкілінің вирус жұқтырғаны анықталды", – деп жазылған президенттің ресми сайтында жарияланған мәлімдемеде.
Жеңістің 75 жылдығына арналған әскери парад Мәскеуде бүгін, яғни 24 маусым күні басталды. Оған қатысып жатқан мемлекет басшыларының арасында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та бар. Бұған дейін бірқатар елдің басшылары пандемияға байланысты мерекелік шараға қатысудан бас тартқан еді.
Табиғат Нұрболат