Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі "Масс-медиа туралы" заң жобасы мен оның тұжырымдамасын дайындады, деп жазады inbusiness.kz.
Заң масс-медиа саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді, телерадио хабарларын тарату субъектілерінің құқықтары мен міндеттерін және ҚР Конституциясына сәйкес бұқаралық ақпарат құралдарының бостандығына мемлекеттік кепілдіктерді белгілейді.
"Жаңа заңда сөз бостандығы, пікір плюрализмі мен мемлекеттік қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті, халықтың денсаулығы мен өнегесін қалыптастыруға бағытталған қажетті шектеулер арасындағы тепе-теңдікті белгілейтін түбегейлі жаңа схеманы бекіту ұсынылады. Осы орайда, негізгі реформалар журналистердің құқықтық мәртебесін арттыруға және олар үшін құқықтық кепілдіктерді күшейтуге бағытталады", - делінген құжаттың тұжырымдамасында.
Ведомствоның мәліметінше, қолданыстағы "БАҚ туралы" Заң 1999 жылы әзірленді және онда бекітілген бірқатар анықтамалар өзектілігін жойған.
"Ұсынылып отырған жаңалықтар енгізілген құқықтық қатынастардың қандай да бір түрлерін реттеу нысанасын толық көлемде көрсетуге мүмкіндік беретін "мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралы", "мемлекеттік ақпараттық саясат", "масс-медиа", "грант", "субсидия", "корреспонденттік пункт", "Журналистердің құқықтары туралы Ұлттық баяндама" сияқты жаңа ұғымдарды енгізуді талап етеді", - деп түсіндірді министрлік.
Жаңа заң шеңберінде бұқаралық ақпарат құралдары қызметінің бірқатар жаңа қағидаттарын енгізу ұсынылады. Атап айтқанда, сөз бостандығының кепілі; азамат және адамның жеке өмірін, ар-намысын, қадір-қасиетін құрметтеу; заңдылық; объективтілік; анықтық және ашықтық; өзін-өзі реттеу институтын дамыту; ақпаратқа тең қолжетімділік; отандық БАҚ-тың бәсекеге қабілеттілігі; қоғамдық қауіпсіздік.
"Жаңа заңда ҚР Қылмыстық кодексінің 158-бабын ішінара декриминализациялау ("Журналистің заңды кәсіби қызметіне кедергі жасау"), бұқаралық ақпарат құралдарына шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді теріске шығаруға қойылатын талап қою мерзімдерін бекіту арқылы сөз бостандығы кепілдіктерін нығайту бойынша бірқатар новеллалар ұсынылады", - деп жазылған Заң жобасының тұжырымдамасында.
Ақпаратқа сәйкес, заң жобасын қабылдау мемлекеттік бюджеттен қосымша қаржы шығындарын бөлуді талап етеді.
Әзірленіп жатқан Заң қолданысқа енгізілген жағдайда "Бұқаралық ақпарат құралдары туралы" және "Телерадио хабарларын тарату туралы" ҚР заңдарының заңды күші жойылды деп танылады, делінген құжаттың тұжырымдамасында.
Заң жобасы мен тұжырымдаманы жария талқылау Ашық НҚА сайтында 27 қаңтарға дейін жалғасады.