Мәжіліс кәсіби біліктілік туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады

642

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Мәжілістің пленарлық отырысында "Кәсіптік біліктілік туралы" заң жобасын таныстырды, деп жазады inbusiness.kz.  

Мәжіліс кәсіби біліктілік туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады Фото: gov.kz

"Біріншіден, жұмыс берушілер қазіргі таңда және ұзақ мерзімді болашақта сұранысқа ие кәсіптердің тізімін айқындайды. Екіншіден, жұмыс берушілер ұсынған кәсіптер тізбесі өңірлік және салалық кеңестерде одан әрі толықтырылып, жинақталады. Содан салалық кәсіптер тізімі жасалады. Үшіншіден, салалық кәсіптер тізімі өз кезегінде мемлекет реттейтін және ол реттемейтін кәсіптер болып бөлінетін болады. Төртіншіден, белгілі бір кәсіптер бойынша жұмыскерлердің біліктілігіне, дағдылары мен құзыреттеріне қойылатын талаптар жұмыс берушілер жасалатын кәсіптік стандарттар түрінде бекітілетін болады", - деді ол.

Құжатқа сәйкес, мемлекет реттейтін кәсіптер бойынша жұмыскерлерді сертификаттау міндеттеледі. Бұл санатқа азаматтардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты мамандықтар жатады. Ал, мемлекет тарапынан реттелмейтін кәсіптер үшін сертификаттау ерікті болмақ.

"Жұмыс берушілер мен кәсіптік білім беру жүйесі әріптестігінің нәтижесін тәуелсіз бағалау немесе сертификаттау жүйесін енгізу арқылы анықталатын болады. Бұл жұмысты арнайы сертификаттау орталықтары жүзеге асыратын болады. (...) Сертификаттау процесі тек азаматтардың біліктілігі кәсіптік стандарттарға қаншалықты сәйкес келетінін анықтауда ғана емес, сонымен бірге білім беру ұйымдарында кадр даярлау деңгейін бағалау үшін қажет", - деп атап өтті ведомство басшысы.

Тәуелсіз бағалаудан өткен азаматтарға сертификаттар берілмек.

"Бұл ретте дипломдар мен сертификаттар туралы арнайы түсіндіре кеткім келеді. Тәуелсіз бағалаудан өткен түлектердің қолында нақты мамандығы бойынша кәсіптік даярлықтан өткенін растайтын диплом және алған білімдерін іс жүзінде қолдануға дағдыланғанын растайтын сертификат болады. Бір сөзбен айтқанда, сертификаты бар түлектерді жұмыс берушілер жұмыс өтілін талап етпей-ақ жұмысқа алуға мүмкіндік ашылады. Сондай-ақ ерікті сертификаттаудан әртүрлі үйірмелер, тренингтер немесе өз бетінше оқу арқылы жұмысшы мамандығын игерген адамдар да өте алады. Бұл жағдайда сертификат жұмысшы мамандықтары бойынша жұмысқа қабылдау кезінде негізгі құжат бола алады", - деді Тамара Дүйсенова.

Министрдің айтуынша, сертификаттау ақылы негізде жүзеге асырылады. Сертификаттау орталықтары қызметтерінің ақысын жұмыссыз азаматтар үшін атаулы ваучерлерді пайдалана отырып мемлекет төлейді. Ал, өз қызметкерлерін сертификаттауға жіберген кезде оның ақысын жұмыс берушілер төлейді. Сондай-ақ, дағдыларын ерікті түрде бағалаудан өткізгісі келсе, азаматтардың өздері де төлей алады.

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу