Мәжіліс отырысында тиісті заң жобаларын Қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Қамалетдинов таныстырды, деп жазады inbusiness.kz.
Депутаттар Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы арқылы келісімдер мен хаттамаларды ратификациялау туралы бірқатар заңдды қабылдады.
Соның бірі – ҰҚШҰ-ға мүше елдердің аумағында ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдары құралымдарының уақытша болуына байланысты істер бойынша құқықтық көмек көрсету және юрисдикция мәселелері жөніндегі келісім.
Оған сәйкес, ұйымға мүше мемлекеттердің аумағында құралымдардың уақытша болуына байланысты юрисдикция және құқықтық көмек көрсету мәселелері бойынша ынтымақтастық олардың құзыретті органдары арқылы жүзеге асырылатын болады.
Келесі құжат – 2007 жылғы 6 қазандағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының бітімгершілік қызметі туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттама.
"БҰҰ-ның бейбітшілікті қолдау жөніндегі операцияларында қолдануға арналған ҰҚШҰ-ның Ұжымдық бітімгершілік күштеріне бітімгершілік контингенттерді енгізуге байланысты жекелеген мәселелер үйлестіруші мемлекет пен басқа мүше мемлекеттер арасындағы екі және көпжақты келісімдермен реттелетін болады. Әрбір мүше мемлекет өзінің қатысуы туралы ҰҚШҰ Ұжымдық Қауіпсіздік Кеңесін хабардар ете отырып, БҰҰ мандаты бойынша бітімгершілік операцияларға қатысу үшін БҰҰ бітімгершілік әлеуетінің әзірлігін қамтамасыз ету жүйесінде тіркелген өзінің бітімгершілік контингенттерін жіберуге құқылы", - деді Сұлтан Қамалетдинов.
Бұдан бөлек "Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының әскерлерін (Ұжымдық күштерін) бірлескен материалдық-техникалық және медициналық қамтамасыз ету туралы келісімді ратификациялау туралы" заң жобасы да мақұлданды.
"ҰҚШҰ әскерлерінің (Ұжымдық күштерінің) топтарын қару-жарақпен, әскери және арнайы техникамен, материалдық құралдармен қамтамасыз етуді Тараптар өз бетінше Тараптардың ұлттық заңнамаларына сәйкес өз қаражаты есебінен, Ұйым форматында немесе екіжақты форматта іске асырылатын нысаналы мемлекетаралық бағдарламалар шеңберінде осы мақсаттарға бөлінген қаражат есебінен, сондай-ақ Тараптар бір-біріне көрсететін әскери-техникалық көмек есебінен жүзеге асыратын болады. ҰҚШҰ әскерлерін (Ұжымдық күштерін) өрістету және қолдану кезінде материалдық-техникалық және медициналық қамтамасыз етуді Тараптар өз бетінше жүзеге асырады. Жіберуші Тараптың ҰҚШҰ әскерлерін (Ұжымдық күштерін) материалдық-техникалық және медициналық қамтамасыз етуі қиын болған жағдайда, ол қабылдаушы немесе екінші Тараптың ресурстары есебінен олардың арасындағы уағдаластықтар негізінде жүзеге асырылуы мүмкін", - деді министрлік өкілі.