Golden Boy Promotions промоутерлік компаниясының иесі әрі Сауль "Канело" Альварестің мүддесін қорғайтын Оскар Де Ла Хойя 12 мәрте әлем чемпионы титулын жеңіп алған Флойд Мейвезерге "Канело" мен Головкин жұбының жеңгенімен жұдырықтасуды ұсынды, деп хабарлайды vesti.kz.
"МакГрегорды ұмытыңыздар. Тәжірибесі жоқ жігітті ұмытыңыздар. Әуесқой бокста да тәжірибесі жоқ. Мейвезердің жолы басқа. Флойд, жұдырықтасқың келсе, "Канелоға" реванш бергің келсе немесе Головкинмен кездескің келсе, соған бар. Осы жұптың жеңімпазымен жекпе-жек өткіз", – дейді Де Ла Хойя.
40 жастағы Мейвезер карьерасын 2015 жылдың қыркүйегінде аяқтаған болатын. Соңғы жекпе-жегінде ол Андре Бертоны жеңген еді. Ал екі жыл бұрын Альварестен басым түсті. "Канело" сол кезде тұңғыш рет жеңілістің ащы дәмін татқан болатын.
Қазір Мейвезер UFC чемпионы Конор МакГрегормен жекпе-жек өткізу туралы келіссөз жүргізіп жатыр. Алайда, 16 қыркүйекке белгіленген Головкин – Альварес жекпе-жегі UFC ұйымының жекпе-жек өткізу туралы жоспарын бұзған сыңайлы.