3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту 13,6% артты. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов үкімет сағаты барысында осылай деді.
Министрдің айтуынша, еліміздегі білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру кезінде, елдегі мектепке дейінгі ұйымдар желісі балабақшалар салу, жеке балабақшалар, шағын орталықтар ашу және басқа да енгізу тәсілдері есебінен 1839 бірлікке ұлғайған.
Министрліктің мәліметіне сүйенсек, бүгінде елде барлығы 10 673 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді, оның ішінде балабақша – 6 470 бірлік, шағын орталық – 4 203 бірлік. Контингент 775 164 адамды құрайды.
"Балаларды мектепке дейінгі ұйымдарға автоматты түрде бөлу жүйесі қалаларда, аудан орталықтарында енгізілді. Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға үлкен көңіл бөлінеді. 2018 жылы мектепке дейінгі ұйымдардың 20,1% - ында (1232 ұйым) инклюзивті білім беру үшін жағдай жасалған, бұл 2015 жылға қарағанда 11% - ға жоғары (9,1%)",– дейді ведомство басшысы.