Мемлекеттік органдардың тіл білмеуі заң жобаларының қабылдануын тежейді – Қошанов

199

Заң жобаларын қарау мерзімі мемлекеттік органдардың немқұрайлы, салғырт қарауынан мемлекеттік тілдегі қателерге байланысты кейінге шегеріледі. 

Мемлекеттік органдардың тіл білмеуі заң жобаларының қабылдануын тежейді – Қошанов Фото: parlam.kz

Сол себепті серіктес елдермен келісім ұзаққа созылып, елдің имиджіне нұқсан келеді, деп жазады Inbusiness.kz сайты мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың баяндамасынан үзінді келтіріп. 

"Үкіметпен бірлескен жұмыс барысында кездесетін кейбір проблемалық мәселелерге тоқталып өткім келеді. Заң жобаларын әзірлеу кезіндегі кемшіліктер жылда қайталанады, нормалар жеткілікті пысықталмайды, сапасы төмен — бұл туралы біз жылда айтамыз. Соның айқын мысалы Су кодексі жобасы. Бұл туралы тек депутаттар ғана емес, сарапшылар да айтып жүр", — дебі спикер. 

Мұның бәрі кодекс жобасының парламентте қаралуын қиындатып, ұзаққа созылуына әсер етеді. 

"Құрылыс кодексі жобасының да жағдайы ұқсас. Бұл жайт баршаға белгілі — заң жобасы мүлдем шикі күйінде келіп түсті. Депутаттар оны тағы да пысықтап, қайта жазып шығуға мәжбүр. Мәжіліске заң жобасы енгізу мерзімі ерекше назар аударуға тұрарлық мәселе. Жобаларды енгізу мерзімі жиі кешіктіріледі, мысалы, жаңа айтқан Су кодексі былтырғы наурыз айында енгізілуі керек еді, алайда ол бір жылға шегеріліп, кеш енгізілді. Маңызды заң жобасының бірі — Салық колексі әлі енгізілген жоқ. Соның салдарынан депутаттардың онымен сапалы жұмыс істеуіне уақыт өте тығыз болғалы тұр", — деді Е.Қошанов. 

Депутаттардың түзетулерге қорытынды беруінің өзі бөлек мәселе. 

"Ол да ұзаққа созылып кетіп жатады. Мемлекеттік органдар бұл әдеттен әлі арыла алмай келеді, мысалы, Денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі заң жобасы бойынша үкіметтің қорытындысын 8 айға дейін күтуге тура келді. Әскери-патриоттық заң жобасы бойынша қорытындымен келісу 7 айға созылып кетті", — деді баяндаушы.

Тағы бір мәселе — бізде ратификациялауға келіп түсетін шарттар мен келісімдер мәтіндерінің өзара сәйкестігіне қатысты. 

"Келіссөз жүргізіліп, еліміз үшін маңызды халықаралық, мемлекетаралық келісімдерге өол қойылады, алайда заң жобаларын қарау мерзімі мемлекеттік органдардың немқұрайлы, салғырт қарауынан мемлекеттік тілдегі қателерге байланысты кейінге шегеріледі, сол себепті серіктес елдермен келісім ұзаққа созылып, елдің имиджіне нұқсан келеді. Сондықтан әр мемлекеттік органның осы мәселеге назар аударуын сұраймын.

Сосын мемлекеттік органдардың жауабы депутаттардың көңілінен шыға бермейді. Баяғы жартас — бір жартас. Депутаттық сауалдарға сырғытпа, үстірт жауап беріледі, нақтылық жоқ", — деді спикер. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу