Зерттеу мақсаты – тауар импортының көлеміне мемлекеттік шығыстардың әсерін эмпирикалық бағалау.
Құжатта Қазақстанның төлем балансының құрылымдық мәселелері сипатталған, республикалық бюджеттің шығыс бөлігіне шолу ұсынылады. Сонымен қатар, мемлекеттік бюджеттің тапшылығы ағымдағы шоттың тапшылығына әкелетінін көрсететін "қосарланған тапшылық" гипотезасын (twin deficits hypothesis) тексеру үшін тауар импорты мен мемлекеттік шығыстардың өзара байланысына эмпирикалық баға берілген.
"Эмпирикалық бағалаудың нәтижесі басқа тең шарттарды ескере отырып, осы айда бюджет шығыстарының орта есеппен 1%-ға көбеюі мұнай компанияларының сатып алуларын шегергенде импорттың 5 ай ішінде жалпы алғанда 1,42%-ға ұлғаюына әкелетінін көрсетті. Импорт өсімінің импульстен жоғары болуы (1,42%>1%) экономиканың жалпы шығыстарына мемлекеттік шығыстардың мультипликативті әсерінен болуы мүмкін", – деп хабарлады ҰБ.
Мемлекеттік шығыстар инвестициялық жобаларды іске асыру үшін қажетті өндіріс құралдары мен аралық тауарларға ғана емес, тұтыну тауарларына да сұранысты ынталандырады. Бұл мемлекеттік сектор қызметкерлерінің әлеуметтік төлемдері мен жалақысының бюджет құрылымында айтарлықтай үлесінің болуымен байланысты. Ішкі сұранысты жабу үшін қазақстандық өндірістің көлемі жеткіліксіз болса, мемлекет қаржысының едәуір бөлігі мен жеке сектордағы қаражат импортты қаржыландыруға жұмсалады.
Зерттеуге сәйкес, тауар импортының циклдік емес траекториясы мемлекеттік шығыстардың циклдік емес сипатымен және тұрақтылығымен түсіндіріледі.
"Сонымен қатар, мемлекеттік шығыстардың артуы мұнайдан тыс секторда ағымдағы шоттың нашарлауына әкеп соғады: мемлекет қаржысы есебінен іске асырылған мұнайдан тыс сектордағы инвестициялық жобалар ағымдағы шоттың жақсаруына ықпал еткен жоқ. Себебі, қосылған құны жоғары тауар экспортының ұлғаюы мен импорттың қысқаруы түріндегі күтілетін нәтиже байқалмайды. Осылайша, Ұлттық Банк жүргізген эмпирикалық талдау Қазақстанда қосарланған тапшылық гипотезасының расталғанын көрсетті: мемлекеттік шығыстардың өсуі тауар импорты арнасы арқылы төлем балансының ағымдағы шотына қысым жасайды", – деп хабарлады бас банк.