Middle corridor – Қазақстан бизнесі үшін үлкен мүмкіндік

458

Санкциялар күшейген кезеңде Еуропа елдеріне тауар жеткізетін жаңа бағытты дамытатын жаңа жобалар жүзеге асырылып жатыр.

Middle corridor – Қазақстан бизнесі үшін үлкен мүмкіндік Фото: Ашық дереккөзден

Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы көлік-логистикалық жобалар – соның бірі. Каспий теңізін арғы бетіндегі көршілердің инфрақұрылымдық әлеуетін көзбен көріп, танысу үшін біздің елдің делегациясы Бакуге арнайы барған еді.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі бастаған делегация құрамында Транскаспий халықаралық көлік дәлізі қауымдастығының басшылары, "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының өкілдері бар. Олармен бірге өз өнімін экспорттаушы отандық кәсіпкерлер де Әзербайжанның стратегиялық маңызды нысандарын аралап көрді.

"Бүгінгі кездесу нәтижесінде қазақстандық әріптестеріміз теңіз айлағының қазіргі жағдайы мен келешек әлеуетін бағамдай алды. Порттың 15 миллион тонналық алғашқы фазасы салынып та қойған. 2 миллион тоннаға дейін тауар айналымына жол ашатын екінші кезеңі қазір дайындалу үстінде. Соның арқасында Қазақстан, Қытай мен Орталық Азиядан шыққан тауарларды Еуропаға жеткізуге және кері бағытта тасымалдауға мүмкіндік береді", – деді "Баку халықаралық теңіз сауда порты" ЖАҚ бас директоры Талех Зиядов.

2 күн ішінде қазақстандық делегация Баку халықаралық сауда портына, кеме жасайтын зауыт, айлақ маңындағы теміржол бекеттеріне де барды. Сондай-ақ Говсан порты мен Баш-Алят бекетінің жұмысымен танысуға мүмкіндік алды. Соның арқасында Әзербайжан аумағындағы логистикалық бағыттың кедергілері анықталып "Жол картасына" қол қойылды. Осылайша Транскаспий көлік дәлізінің жұмысын сұранысқа ие болуын қамтамасыз ету көзделген.

"Қазақстан, Әзербайжан, Грузия республикаларының қатысуымен көліктік компания құрылып жатыр. Мақсаты ортақ. Біріншіден: маршрут бойынша жүкті дер кезінде жеткізу. Екіншіден: ең маңыздысы – бекітілген тариф болмақ. Яғни 5 жылға ортақ тариф белгіленеді деген сөз. Соның арқасында жүкті жөнелтуші алдағы 5 жылда тасымалдау құны қанша болатынын біліп отырады. Осы мәселе бойынша нақты келісімге келдік", –деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев.

Қазіргідей геосаяси кезеңде тауарын экспорттайтын қазақстандық кәсіпорындар балама маршруттар іздейтіні анық. Бұл ретте Солтүстік дәлізінің маңызды болғанын айта кеткен жөн. 2023 жылдың алғашқы 7 айында Қазақстан порттарынан Баку порты арқылы тасымалдаған жүк көлемі 15 пайызға артыпты.

"Мемлекет басшысы Орталық дәлізді дамыту туралы бекерден бекер жиі еске салмайды. Бұл дегеніңіз – Қазақстан, Әзербайжан және Грузия тарапы. Қазақстан аумағындағы бөлігі түсінікті шығар. Ал ары қарай Каспий теңізі арқылы фрахт бар. Содан соң Әзербайжан порттарынан Грузия порттарына дейін теміржолдар басталады. Біз үшін осы жолды басып өту кезінде қандай қиындықтар туындайтынын білу маңызды болды", – деді "PTC Holding" компаниясының Басқарма төрағасы Тимур Қарабаев.

Сапар барысында Қазақстан мен Әзербайжан тарапы үздіксіз тауар айналымын қамтамасыз ету мәселесін талқылады. Сондай-ақ тек біздің ел үшін ғана емес жалпы Азия аймағына аса маңызды орта дәліз деп аталатын маршрутты тиімді әрі қауіпсіз дамыту туралы да ой бөлісті. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу