Миллиондарды "арқалаған" қос шаруашылық банкроттықтың алдында тұр

2266

30 миллион теңгеге жуық айыппұл жүктеген мемлекеттік кірістер департаментінің көздегені не? 

Миллиондарды "арқалаған" қос шаруашылық банкроттықтың алдында тұр

Мезгілімен егінін егіп, ретімен өнімін өткізіп отырған Сырдария мен Жалағаш ауданының екі шаруашылығы өз бюджетінен де көп айыппұлды көтере алмай, кәсібін тоқтатуы мүмкін. Қаржылық тығырыққа тірелген кәсіпкерлердің қазіргі халі расында мүшкіл. Өйткені қосымша құн салығына уақытылы тіркелмегені үшін оларға мемлекеттік кірістер департаменті ірі көлемде айыппұл салған. Кәсіпкерлерге бұл тығырықтан шығар қандай да жол бар ма?

Мәселенің мәнісін Сырдария ауданы Бесарық ауылындағы шаруа қожалығының өкілі Гүлжан Медебаева айтып берді. 

"Енді аяққа тұра бастаған шағын қожалық едік. Жылдық жиынтық табыс белгіленген мөлшерден асып кетіпті. Қосымша құн салығына уақытылы тіркелмегендерің үшін деп 21 млн теңге айыппұл салып отыр. Шағын қожалыққа бұл айыппұл өте ауыр. Биыл етек-жеңімізді жиып, табыспен шығамыз ба деп үміттеніп отыр едік. Енді бұл айыппұлды төлесек, банкротқа кетуіміз анық", – дейді Г.Медебаева.

Шағын болса да қожалық ауылдың 120 адамына жұмыс тауып беріп отыр. Бар болғаны 400 гектар жерге егін ексе де, елді мекенді көркейтіп, көгалдандыруға да үлес қосып келеді екен. Лизингке жаңа техникалар да алған. Егіннен тапқан табысымен енді қалған-құтқан қарызды жабамыз дегенде айыппұл төлеуге мәжбүр болып отыр.

Ал Жалағаш ауданындағы бақша өнімін экспорттайтын шаруашылық мемлекетке шығын келтірмесе де, осындай жағдайдың күйін кешіп отыр екен.

"Қосымша құн салығына өткен жағдайда біз оны төлемейді екенбіз. Өйткені бақша өнімдерін 100% экспортқа шығарамыз. Мемлекетке келген шығын жоқ. Бірақ соның өзінде айыппұл салып кетті", – деді қожалық директоры Мұхтар Нұртаев.

Тауы шағылған әрі қолдауға зәру шаруалар Кәсіпкерлер палатасынан көмек сұрапты.

"Бұл мәселе назарымызда. Жалпы кез келген меморган кәсіпкерлермен жұмыс істеген кезде қанаушы емес, қолдаушы орган ретінде жұмыс істесе екен. Президенттің өзі "әрбір жұмыс орны маңызды, соны сақтап қалуға барынша тырысу керек" деген жоқ па? Мемлекеттік органдар осы позицияны ұстанса дейміз", – деді Кәсіпкерлер палатасының ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Жасұлан Серіков.

Бұл жайттың жай-жапсарын Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Заң аясындағы әрекет екенін, егерде айыппұлды төлеуге мүмкіндік болмаса, кейінге шегерудің жолдары барын айтады.

"Қайта реструктиризация және банкроттық реабилитация деген Заң бар. Мәселен, 3 жылдан 5 жылға дейін өзін-өзі оңалтуға мүмкіндік беріп отыр. Бұл екі мекеме де өнімдерін экспортқа шығарып, жұмыс істеп отырған нысандар. Заң тарапынан тек осындай жеңілдіктер қарастырылған", – дейді облыс бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы Қуаныш Айтбаев.

Тығырықтан шығудың бұдан тиімді әрі басқа жолын көрмей тұрған кәсіпкерлердің енді сотқа жүгінуден басқа амалы жоқ.

Нұрбек Дәуренбеков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу