Бүгін Үкімет қабырғасында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов оқиғаны өзі бақылауға алатынын айтты, деп хабарлайды Atameken Business.
Ол туыстары шұғыл арыз түсіруі қажет. Кеше әлеуметтік желіде бүлдіршіннің анасы Ақбөпе Қалина дәрігерлердің кінәсі барын анықтайтын сараптама қорытындысын қолына алғанын хабарлаған. 2 жарым жасар Бауыржан Құралбек қазір Нұр-Сұлтандағы №2 балалар ауруханасында жатыр. Қолына ампутация 20 күн бұрын жасалыпты. Бастапқыда бүлдіршін Көкшетаудағы облыстық балалар ауруханасына өкпесіне суық тиіп түскен. Бірақ кезекті екпеден кейін оның сол қолына қан жүгірмей, небәрі 4 күні ішінде іріңі иығына дейін жетіп, көгеріп кеткен. Ақырында кесуге тура келген. Құралбектер отбасы енді ғана есін жиып жатыр. Олар ақ халаттылардың жазаға тартылуын талап етуде.