Министр мұғалімдердің күнделікті екі құжат толтыратынын айтты

1148

Осылайша мектептердегі қағазбастылықты жойылатын болды.  

Министр мұғалімдердің күнделікті екі құжат толтыратынын айтты

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағанбетов педагогтердің шамадан тыс есеп беру мәселесін түбегейлі шешетін бұйрықтың маңыздылығы туралы айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz.

"Мен 2020 жылғы 6 сәуірде қол қойған № 130 бұйрықта орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының мұғалімдері толтыруға міндетті құжаттардың нақты тізімі көрсетілген. Бұл құжаттың маңыздылығы неде? Бұдан былай мұғалімдерді шамадан тыс есеп беруден арылтатын заң жүзіндегі негіз пайда болды. Енді Министрлік бекіткен нақты тізім бар. "Педагог мәртебесі туралы" Заңға және Әкімшілік кодекске сәйкес, мұғалімдерден бекітілген тізімнен өзге құжаттар бойынша артық есепті талап еткендерді арнайы орган айыппұл түріндегі әкімшілік жауапқа тартуға болады", – деп жазды министр өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.

Сондай-ақ, министр аталған құжатты егжей-тегжейлі түсіндірді

"Енді пән мұғалімі күнделікті екі құжатты толтырады. Біріншісі – сынып журналы, екіншісі – сабақ жоспары. Сондай-ақ оқу жылының басында күнтізбелік-тақырыптық жоспарды дайындайды және әр тоқсан соңында критериалдық бағалау бойынша құжаттарды толтырады. Қалған құжаттың еш қажеті жоқ. Егер мұғалім жас педагогтің тәлімгері болып, сол үшін 17 мың теңгеге жуық үстемеақы алатын болса, онда жас әріптесімен бірлесіп атқарған жұмысы бойынша әдістемелік құжат толтырады. Егер мұғалім сынып жетекшісі болса, онда оқу жылының басында тәрбие жұмысының жоспарын жасайды, өткізілген ата-аналар жиналысы бойынша электрондық форматта хаттама толтырады, оқушылардың табельдерін толтырады және қажеттілігіне қарай олардың жеке істерін жаңартып отырады. Мектеп басшысы мен басшының орынбасарлары толтыратын маңызды құжаттардың да нақты тізімі белгіленді, артық құжаттың еш қажеті жоқ. Колледж педагогтері толтыратын құжаттар тізімі де бекітілді. Олар жылдың басында жұмыс істеуге арналған оқу бағдарламасын құрып, күнтізбелік-тақырыптық жоспар жасайды, ал күн сайын сабақ жоспарын әзірлейді, теориялық, өндірістік оқыту және жеке сабақтарды есепке алу журналдарын толтырады. Егер педагог куратордың қызметін атқарса, тағы бір құжат қосылады. Шамадан тыс есеп беру көрсеткішін түбегейлі азайтуға қатысты нақты жұмыстар мектепке дейінгі және жоғары білім беру деңгейлері бойынша да жүргізіліп жатыр. Жоғары оқу орындарының оқытушылары да қажетсіз қағаз жүктемесінен арылады. Қазіргі уақытта БҒМ тарапынан нормативтік құжаттарда көрсетілген бақылаудың жүргізілуіне қатысты толтырылатын құжаттар тізімі қайта қаралып жатыр. Басым бөлігін алып тастау туралы шешім қабылданды. Мәселен, кафедраның жұмыс жоспары, комиссияның хаттамасы, қызметтік оқу жоспары сынды құжаттар бізге қажет емес. Бұл ретте мұғалімдерге артылған артық жүктемені азайту бойынша жағдай жасап қана қоймай, педагогтерден жоғары кәсіби біліктілікті және сапалы білім беруді талап ететін боламыз. Қоғамда білім беру сапасының неге ақсап тұрғанын түсіндіру үшін, педагогтердің шамадан тыс есеп беретіні, олардың өзіне тән емес жұмыстарға тартылуы, оқу бағдарламалары мен оқулықтардағы олқылықтар туралы және тағы сол сияқты мәселелер айтылады. Бірақ бұл проблеманың барлығы шешіліп жатыр және бұдан былай да шешімін таба береді. Дегенмен, білім сапасы, ең алдымен, мұғалімдердің біліктілігіне тікелей байланысты. Сол себепті, педагог үнемі өзін-өзі жетілдіріп, кәсіби деңгейін арттырып отыруы керек", – деді министр.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу