Енді министрлер де халықпен тікелей кездесуі тиіс

378

Яғни, бұрынғыдай жылы кабинеттерінде отырып алмай, елмен етене араласуға міндетті. 

Енді министрлер де халықпен тікелей кездесуі тиіс Фото: primeminister.kz

Премьер-Министр Әлихан Смайылов бүгін осындай қаулыға қол қойды, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Кейбір әкімдердің халықпен кездесуі сияқты бұл жүздесулер де алдын-ала әзірленген сұрақтар, сценарий  бойынша өтпей ме? Бұқара халық мұны қалай қабылдады?

Қоғамды одан әрі демократияландырып, елде жүргізіліп жатқан реформалар туралы халықты хабардар етіп, атқарушы органдардың халық алдындағы жауапкершілігін күшейту. Премьер-министрдің ресми сайтында жарияланған қаулының басты миссиясы осындай. Әр министр тоқсан сайын, яғни 3 айда 1 рет бұқарамен кездесуі керек. Таңдалған өңірді алдын ала зерттеп, салалық мәселелерге назар аударуы тиіс делінген. Бірақ бұл тізімге Қорғаныс, Сыртқы істер, Төтенше жағдайлар, Ішкі істер және Әділет министрліктері кірмейді. Кездесуді ұйымдастыруға Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен облыстардың әкімдіктері атсалысады. Ал халық бұған не дейді?

Саясаттанушы Ризат Тасым бұл министрлер үшін таптырмас мүмкіндік деп санайды. Олар мұндай алаңдарды өзінің, министрліктің позициясын жеткізуге, шешімдерге қатысты халықты көндіруге қолдана алады дейді.

"Бізде әлі күнге дейін, әсіресе, министрліктер тарапынан өзінің саясатын бұқара халыққа түсіндіру, өзінің қабылдап жатқан шешімдерін түсіндіру мәселелері бойынша үлкен проблемалар бар. Жалпы, қаулыда бірінші басшылар 91 беттен кем емес кездесу өткізу керек. Жалпы алғанда жылына 4 кездесу. Мұның өзі сондай көп емес. Ең бастысы  бұл жерде басшылардың қандай аймақтарды таңдайтыны, қандай критерийлерге негізделіп, содан кейін қандай аудитория жинайтынында болмақ секілді", - дейді саясаттанушы Риззат Тасым.

Еске салайық, осыдан 2 жыл бұрын Тоқаевтың жарлығы шығып, әкімдер жылына бір рет ел алдында есеп беретін. Бәрі де "Еститін үкіметке" ұмтылудың қамы үшін болды. Нәтижесі көңіл көншітеді деп айту қиын. Себебі, ашықтық болмады. Осы жолы да бұл мәселе қайталанбаса деген ниет.

"Мысалы, әр өңірде ашық, тура айтып жүрген қоғам белсенділері Сол қоғам белсенділеріне қолжетімділік осы кездесулерде болса, олар да тыңдалса. Әдетте, бізде кейде "Шаш ал десе, бас алып", жергілікті жерлерде осындай кездесулерге арнайы тізіммен кіргізетін сондай қалыптасып қалған жағдай бар. Сондай жағдайды болмаса деп өзім ойлаймын", - дейді қоғам белсендісі Баян Ақатай.

Халықтың жағдайын халықтан артық ешкім айта алмайды. Министрлік басшыларымен кездесу жұрттың саяси сауатының, мәдениетінің өсуіне алып келеді. Тек "Еститін Үкіметтің" де кездесуді есеп үшін өткізудің еш қажеттігі жоғын ұғынатын кезі туды, соны жете түсінсе, шын мәнінде елді естісе, дейді қоғам белсенділері.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу