Кувейттік Al-Jarida газетінің жазуынша, ол Тегеранға жасалған соққы кезінде жараланып, ем алу үшін Мәскеуге жасырын жеткізілуі мүмкін, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты BILD-қа сілтеме жасап.
Газет дереккөздерінің мәліметіне сәйкес, Тегеранға жасалған шабуыл кезінде Хаменеи денесінің сол жақ тұсынан ауыр жараланған. Ол шұғыл отаны және ұзақ емді қажет еткен. Дереккөздердің айтуынша, Иранға жасалып жатқан соққыларға байланысты емдеу курсын ел ішінде ұйымдастыруда қиындықтар туындаған.
Моджтаба Хаменеидің Мәскеуде ем алуына қатысты бастаманы Ресей президенті Владимир Путиннің білдіргені хабарланды. Мәскеуде Иранның жаңа көсеміне отаның сәтті жасалғаны, қазіргі уақытта ол президент резиденцияларының біріне қарасты жеке ауруханада ем алып жатқаны да айтылған. Бірақ бұл мәліметтерді Тегеран да, Мәскеу де ресми растаған жоқ.
Al-Jarida басылымының жазуынша, Хаменеиді эвакуациялау туралы шешім сапалы медициналық көмек көрсету қажеттілігінен бөлек, Израиль тарапынан төнген қауіп-қатерге байланысты да қабылданған.
Айта кету керек, бұған дейін Иранның жаңа көшбасшысы алғаш рет мәлімдеме жасағанын жазғанбыз.