Мұхтар Тілеуберді француз бизнес-қоғамдастығына арнайы үндеу жасады

1397

Қазақстанның Франциядағы Елшісі Жан Ғалиев қаңтар оқиғаларынан кейін елімізде жүргізіліп жатқан саяси және экономикалық реформаларды егжей-тегжейлі түсіндірді. 

Мұхтар Тілеуберді француз бизнес-қоғамдастығына арнайы үндеу жасады

MEDEF International француз бизнесі қауымдастығының алаңында Қазақстандағы ағымдағы жағдайды түсіндіруге арналған қазақстандық-француз іскерлік кеңесінің кезектен тыс отырысы өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Іс-шараға Airbus, Orano, Vicat, Air Liquide, TotalEren, Idemia, Thalès, Véolia, Bolloré, Société Générale, Crédit Agricole сияқты ірі француз компанияларының 30-ға жуық басшылары қатысты.

Француз бизнесіне жолдаған өзінің бейне үндеуінде Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Франция Қазақстанның Еуропалық одақтағы негізгі сауда-экономикалық серіктесі болып қала беретінін және тауар айналымы мен инвестициялар көлемі бойынша көшбасшы елдердің бестігіне кіретінін атап өтті.

Министр Қазақстанның шетелдік инвестицияларды қорғау және елдегі инвестициялық және іскерлік ахуалды одан әрі жақсарту жөніндегі өзінің барлық міндеттемелеріне бейілділігін растады. М.Тілеуберді ауыл шаруашылығы, цифрландыру және баламалы энергетика сияқты басым секторларда екіжақты экономикалық ынтымақтастығын одан әрі кеңейтуге және тереңдетуге мүдделілігін баса айтты.

Өз кезегінде, Қазақстанның Франциядағы Елшісі Жан Ғалиев қаңтар оқиғаларынан кейін елімізде жүргізіліп жатқан саяси және экономикалық реформаларды егжей-тегжейлі түсіндірді. Атап айтқанда, дипломат Мемлекет басшысының депутаттармен және ірі қазақстандық компаниялармен кездесулері барысында айтылған бастамаларының мақсаттары туралы баяндады.

Елші Президенттің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына жолдауын іске асыру шеңберінде стратегиялық әріптестікті едәуір тереңдету мүмкіндіктері туралы еске салды, бұл ретте экономикалық күн тәртібінің перспективалық векторларының бірі жасыл сутегі өндірісін дамыту болуы мүмкін. Осыған байланысты, Ж.Ғалиев француз бизнесін жаңа жобаларды талқылау бойынша белсенді іс-қимыл жасауға шақырды.

Кездесуге қатысушылар Қазақстанда болып жатқан оқиғаларды егжей-тегжейлі түсіндіргені үшін алғыстарын білдірді. Атап айтқанда, Іскерлік кеңестің тең төрағасы Ив-Луи Даррикаррер француз инвесторлары бұрынғысынша Қазақстанмен ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екенін мәлімдеді. Өз кезегінде, Vicat тобының президенті Ги Сидос ел басшылығының әкімшілік кедергілерді жою, бизнес-ортаны жақсарту жөніндегі күш-жігерінің маңыздылығын атап өтті. Ол француз компанияларына Қазақстанда қайта өңдеу кәсіпорындарын дамыту қажет деген пікір білдірді.

Француз әріптестері Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси, демократиялық және әлеуметтік-экономикалық реформаларын бағалай отырып, "Жаңа Қазақстан" туралы толық түсінік алуға мүмкіндік берген іс-шараның маңыздылығын атап өтті.

Естеріңізге сала кетейік, бүгінгі таңда қазақстандық экономика мен индустрияны дамытуға 170-тен астам француз компаниялары мен бірлескен кәсіпорындар қатысуда. Франция кәсіпкерлері салған тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі шамамен 18 миллиард долларды құрайды. Соңғы 5 жылдың ішінде ғана еліміздің экономикасына шамамен 4 миллиард доллар француз инвестиция тартылды. Франция Қазақстанның стратегиялық серіктесі болып табылады және капитал салымдарынан басқа, түрлі салалардағы озық технологиялар трансфертін жүзеге асырады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу