Мұнай компаниясына салынған айыппұл мардымсыз – эколог

441

Ал, ТШО-дағылар бұл жолы тағылған айыппен келісе ме?

Мұнай компаниясына салынған айыппұл мардымсыз – эколог Фото: Ашық дереккөзден

"Теңізшевройл"-ға салынған айыппұл мардымсыз. Ауаны ластап, айыппұлмен құтылатындарға жазаны күшейту керек. 2.8 млрд теңге төлеуге міндеттелген алпауыт компанияға қатысты экологтардың пікірі осы.

Олар өндіріс орындарын жаңа жүйеге көшіруді жеделдету қажет дейді. Ал, ТШО-дағылар бұл жолы тағылған айыппен келісе ме? Жауапты департаменттегілер не дейді?

Экология департаменті "Теңізшевройл"-ға тексеріс жүргізіп, сынама алған жоқ. Бұл жолы заңсыздықты тапсырылған есеп арқылы анықтаған. Компанияға қарасты 10-нан астам мердігер ауаны ластапты. Атмосфераға тараған күкіртсутегі, азот диоксиді мен көміртегі оксидтерінің нормасы шектен тыс асқан. Улы газдардың 425 тоннасы жіберіліпті. Заң бұзды деп айыпталғандарға 2 млрд 800 млн теңге айыппұл салынды.  

"Прокуратураның ұсынысы негізінде 8 әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылды. Бұл мердігер компаниялардың обектілерінде жүзеге асырылған. Бірақ ТШО компаниясы оператор болып табылады. Сол себептен барлық экологиялық жауапкершіліктер осы ТШО компаниясының атына жүктелетін болады", - деді облыстық экология департаментінің бөлім басшысы Абзал Теміров.

"Теңізшевройл" мұнайлы өңірде қызметін бастағаннан бері қоршаған ортаға  1.7 млн тонна, яғни 39 түрлі улы зат шығарған. Алайда бұл жолғы айыппен келіспей отыр.  Ол құжаттан кеткен қателік деп есептейді.  

"Теңізшевройл" Атырау облысы бойынша Экология департаментіне "Теңіз" кен орнында белгілі бір жұмыстарды, қызметтерді орындайтын мердігерлердегі шығындылардың көрсеткіштері туралы ақпаратты уақытылы жіберді. Салынған әкімшілік жаза шығындылардың асып кетуінен емес. Мердігер ұйымдардың берген деректеріне байланысты болып отыр", - деді "Теңізшевройл" компаниясының баспасөз қызметі.   

Экологтар алпауыт компанияға салынған айыппұл көлемі мардымсыз дейді. Сол себепті заңды бұзып, ақшамен құтыла салғысы келетіндерге талапты әлдеқайда күшейткен дұрыс деп есептейді.

"ТШО сынды ірі мұнай компаниялары ауаны ластайды. Заңбұзушылық болса, оған міндетті түрде шара қолданылу керек. Салынған айыппұл түкке тұрмайды деп ойлаймын. Компанияның төлейтін ақшасы, экологияға келіп жатқан зиянды өтемейді. Мұндай ауа ластаушыларға қатысты заңды күшейтетін кез келді. Мысалы өзге мемлекеттер жаңа жүйе мен қондырғылар арқылы жұмыс істеуді бастап кеткен", - деді эколог Тимур Елеусізов.

Өндіріс орындарынан тараған улы газдарды Атырау облысының тұрғындары жұтып, түрлі ауруға шалдығуда. Компаниялардан өндірілген қаржыдан халыққа бір тиын пайда жоқ. Айыппұлдың бәрі ұлттық қорға жөнелтіледі. Депутаттар мен эко белсенділер жауаптыларға осыны түсіндіре алмай әлек.

"ТШО компаниясына салынған бұ айыппұлдардың Атырау облысына алып келері жоқ.Өйткені оның бәрі орталыққа, ұлттық қорға кетіп жатыр. Осы ақшаларды алып қалу мәселесін депутаттар болып көтеріп жатыр. Бұл айыппұлды салудың ешқандай да халықаралық дау дамай тудыратын астары жоқ деп есептеймін. Өйткені, бұл мемлекеттің аясында жұмыс істеп отырған кәсіпорын болғандықтан, экологиялық кодекстің талаптарына сай айыппұл төлеп отыр", - деді экобелсенді Арман Хайруллин.

Жергілікті жерде табыс тауып отырған компания заңға бағынуға міндетті. Аудандық сот шығарған шешім әлі күшіне енген жоқ. Үкіммен келіспесе, аппеляциялық шағым беруге құқылы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу