Мыңдаған қазақстандық бала Ресей мектептерінде қашықтан оқып жатыр

1797

Мектеп бітіргенде қолына Ресейдің аттестатын алады.

Мыңдаған қазақстандық бала Ресей мектептерінде қашықтан оқып жатыр

Қазақстан пресс-клубы алаңында мектептердің қашықтан оқытуға әзірлігі жөнінде өткен конференция барысында журналист әрі бизнес тренер Ольга Аринбасарова елімізде көптеген ата-ана балаларын Ресей мектептерінде қашықтан оқытып жатқанын мәлім етті.

"Соңғы жылдары елімізде өте көп ата-ана баларын ресейлік білім беру платформаларында қашықтан оқытып жатқаны құпия емес. Ресейде білім беру платформалары мектептермен келісімге отырады да, бала автоматты түрде сол мектептің оқушысы атанады. Оқушы мектеп бітірген кезде қолына Ресейдің аттестатын алады. Ресей мен біздегі қашықтан білім беру сапасының айырмашылығы пандемия басталған кезде айқын байқалды. Көрші ел 15 жылдан бері оқушыларын осы тәсілмен оқытып келе жатыр. Яғни ата-анасы баласын кәдімгі мектепке бере алады немесе қашықтан оқытуға мүмкіндігі бар. Білім бағдарламасы барлығына ортақ. Қашықтан білім алу шалғай аудандарда тұратын немесе жарыстарға жиі баратын спортшы балаларға ыңғайлы. Ал қазақстандық балалар тек елімізде лицензия алған мектептерде ғана білім алуға тиіс. Бұл жерде құқықтық вакум пайда болып отыр", – деді Ольга Аринбасарова.

Журналистің сөзінше, жалпы қанша бала осындай жолмен Ресей білімін алып жатқанын дөп басып айту қиын.

"Қанша бала Ресей мектептерінде қашықтан оқып жатқанын дәл айту қиын. Ал ата-аналар бұл мәселені жарияламауға тырысады. Дегенмен менің ойымша, қазір тек Алматы қаласында ғана мыңнан астам бала ресейлік платформаларда білім алып жатыр. Ал республика бойынша олардың саны тіптен көп. Санап шығу мүмкін емес", – деді ол.

Парламент Мәжілісінің депутаты Ирина Смирнова осы мәселеге қатысты біраз ақпараттың бар екенін айтып өтті.

"Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласында көптеген ата-ана балалары өздерінің отбасында, яғни қашықтан білім алғанын қалайды. Қоғам белсенділерінің мәліметінше, балаларын ресейлік білім беру платформаларында оқытуға ниет білдірген алты жүздей адам кезекте тұр. Сонымен қатар, ата-аналар балалары Қазақстан тарихын, географиясын, қазақ тілін, әдебиетін оқу үшін осындай платформаның бізде де болғанын қалайды", – деді депутат.

Сондай-ақ, Ирина Смирнова пандемияға дейін дәстүрлі түрде оқыған кезде мемлекеттен тегін тамақ, киім-кешек, аяқ-киім алған балаларға елімізде қазір көмек көрсету тоқтағанын да сөз етті. Халық қалаулысының айтуынша, ол отбасылардың әл-ауқаты қазір жақсара қойған жоқ. Сол себепті, үйінде отырып, қашықтан оқыса да, балаларға көмек көрсетілуі керек. 

Нұржан Көшкін
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу