Неонатологтарға арналған тегін бейне-курстардың онлайн платформасы пайда болды

1070

"AYALA онлайн-академиясы" - бұл неонатология, балалар реаниматологиясы, жаңа туған нәрестелер патологиясы және шала туған балаларды бағып-күтуге маманданған қазақстандық дәрігерлердің біліктілігін арттыруға көмектесетін тегін бейне-курстар платформасы. Жобаны AYALA қайырымдылық қоры "Шеврон" компаниясымен бірлесе отырып жүзеге асырады.  

Неонатологтарға арналған тегін бейне-курстардың онлайн платформасы пайда болды

Жобаның мақсаты – қазақстандық медициналық тәжірибеге озық тәжірибені және ыңғайлы онлайн-технологияларды қолдана отырып, жаңа туған нәрестелердің ауыр жағдайларын емдеудің инновациялық әдістерін енгізу. Платформа жылына бірнеше мың медицина жұмыскерін қосымша кәсіптік біліммен қамтуға мүмкіндік береді. 

"Біздің қор 14 жыл бойы Қазақстандағы сәбилер мен балалар өлімін азайту бойынша жұмыс істеп келеді. Оның ішінде отандық дәрігерлердің біліктілігін арттыру арқылы", - деп атап өтті AYALA қайырымдылық қорының президенті Айдан Сүлейменова. "AYALA онлайн-академиясы" - бұл жүздеген кішкентай пациенттің өмірін сақтап қалуға көмектескен біздің көпжылдық офлайн жобамыздың трансформациясы.

"Шеврон" компаниясының өкілі Ләйлә Айтмұханованың айтуынша, "жаһандық пандемия медицина қызметкерлері үшін білім мен өздігінен білім алудың маңыздылығын көрсетті, сондай-ақ бүкіл әлемдегі денсаулық сақтау жүйесінде елеулі өзгерістерді талап етті. Біз Қазақстандағы әлеуметтік бағдарламаларымызды алғашқылардың бірі болып қайта құрылымдап, пандемия кезеңінде медицина кадрларын даярлау саласында көптеген бағдарламаларды жүзеге асырғанымызды мақтан тұтамыз".

Жыл сайын AYALA қорының тегін курстары арқылы Қазақстанның перинаталдық орталықтары мен перзентханаларының 150-ге жуық дәрігері өтті. Жобаны жүзеге асыру барысында 500-ден астам медицина жұмыскері оқытылды. Алайда, егер ҚР-да жұмыс істейтін педиатрлар мен неонатологтардың жалпы статистикасын* алсақ, онда бұл сегіз пайыздан аспайды. Сондықтан онлайн-академия оқуға қатысатын медицина кадрларын қамтуды арттыру міндетін қойып отыр.

Жобаның тағы бір міндеті дәрігерлерді оқытуға барынша қолайлы жағдай жасау болып табылады, өйткені олардың әрқайсысы біліктілікті арттыру үшін жеке уақыт пен бағдарламаны таңдай алады.

Платформада "Өкпені жасанды желдету" және "Сурфактанттарды енгізу" атты 2 бейне курс орналастырылған. Оларды Қазақстан мен Ресейдің жоғары санатты практик-дәрігерлері - Талғат Жорабекұлы Толықбаев пен Андрей Петрович Аверин әзірледі.

Курстар блоктарға бөлінген, бұл материалды игеруге көмектеседі. Тіркеуден кейін дәріс ақпаратына 2 ай бойы ашық қол жеткізуге болады. Сондықтан курстан тіпті жұмыс орнында өтуге болады, оны кішігірім үзінділермен тыңдап, қажет болған жағдайда жазбаға қайта оралады. Әр дәріске таныстыру материалдары ұсынылады. Аяқталғаннан кейін тыңдаушылар тікелей эфирде немесе чатта нақтылайтын сұрақ қоя отырып, дәріскерден кері байланыс алу мүмкіндігіне ие болады. Сондай-ақ әрбір блоктан кейін және курстың соңында міндетті тест тапсырмасы түрінде меңгерілген материалды бақылау көзделген.

"AYALA онлайн-академиясы" платформасына қарапайым компьютер, смартфон және планшет қолданылады, тұрақты немесе мобильді интернет бар жерде жұмыс істейді.

AYALA қоры жыл бойы онлайн-академияны неонатология және шала туған балаларды бағып-күту саласындағы жаңа курстармен толықтыруды жоспарлап отыр. Барлық курстарға толығымен қазақ тілінде дубляж жүргізіледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу