Нұр-Сұлтанда жеті елдің ҰОК бас хатшылары кездесті

792

Кездесу соңында Қазақстан ҰОК пен Түрікменстан ҰОК арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсімі өтті. 

Нұр-Сұлтанда жеті елдің ҰОК бас хатшылары кездесті


Нұр-Сұлтанда Азия Олимпиадалық аймағының Орталық-Азия аймағындағы Ұлттық Олимпиадалық комитеттерінің бас хатшылары жұмыс барысымен кездесті. Күн тәртібінде ҰОК-тар арасындағы ынтымақтастықты нығайтумен қатар, Орталық Азия ойындарын жаңғырту тұрды, деп хабарлайды Olympic.kz.

Жиынға Қазақстан ҰОК вице-президенті Андрей Крюков, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Қырғызстан, Ауғанстан және Иран ҰОК өкілдері қатысты. Қазақстан ҰОК басшысы, сонымен қатар Азия Олимпиадалық одағының вице-президенті Тимур Құлыбаев бас хатшылардың осы мәселе бойынша жиын өткізіп, жарыстың өткізілуі туралы талқылауды ұсынған болатын. 

Қазақстан ҰОК бас хатшысы Сәкен Мұсайбеков келген қонақтарға алғыс айтып, халықаралық серіктестікті асыра бағаламау керегін тілге тиек етті.

"Бүгін Қазақстан ҰОК президенті Тимур Құлыбаевтың тапсырмасымен еліміздің астанасында жиналып отырмыз. Спорт халықаралық ынтымақтастықты дамыту жолында өте үлкен рөл ойнайды. Ұлттық Олимпиадалық комитеттің өкілі ретінде біздің негізгі мақсатымыз осыны іс жүзінде көрсету. Олимпиада алдындағы қызу маусымда осы кездесуге уақыт тауып, жиынға қатысып отырғандарыңызға орасан зор алғыс білдіреміз. Бұл біздің жалпы құндылықтарымызды спорт арқылы нығайтуға адал екендігімізді растайды", – деп атап өтті Қазақстан ҰОК бас хатшысы.

ҰОК бас хатшылары 2021 жылға жоспарланған Орталық Азия ойындарын жаңғыртуды талқылады. Мұндай кешенді спорт жарыстары тек қана спортшылардың ғана емес, қатысушы елдердің өзара халықаралық ынтымақтастығын да нығайтуға үлесін қосады деген пікірді бірауыздан қолдады. Сонымен қатар, кешенді жарыстың өткізілу уақыты өте сәтті таңдалған. Жаңа олимпиадалық кезеңде Олимпиада ойындарынан кейін құрама командалардың деңгейін бағалауға көмектеседі. Енді елдер кешенді шараның өткізу мерзімін, сондай-ақ, Орталық Азия ойындарының бағдарламасына кіретін спорт түрлерін талқылайды.

Жиын барысында кешенді жарысқа  Олимпиадалық спорт түрлерінен бөлек, аймақтағы дәстүрлі олимпиадалық емес спорт түрін енгізу туралы да ұсыныс болды. Жасақталған жұмыс тобы техникалық мәселелерді шешкен бойда Орталық Азия елдерінің кезекті бас ассамблеясында ҰОК басшылары соңғы шешімді шығарады. Айта кетерлігі, былтыр қыркүйек айында АОО Орталық Азия елдерінің ҰОК басшыларының отырысында Орталық Азия ойындары туралы бірінші рет айтылған болатын. Қазақстан ҰОК басшысы, сонымен қатар Азия Олимпиадалық одағының вице-президенті Тимур Құлыбаев бас хатшылардың осы мәселе бойынша жиын өткізіп, жарыстың өткізілуі туралы талқылауды ұсынған болатын.

"Қазақстан ҰОК-на осындай маңызды кездесуді ұйымдастырғаны үшін алғыс айтқым келеді. Әсіресе, Қазақстан ҰОК басшысы Тимур Құлыбаевқа көп рахмет. Ол бас хатшылардың жиыны болады деген болатын және бүгін ол өте жоғары деңгейде өтті. Орталық Азия ойындары жақын арада, келесі жылы өтеді деп үміттенеміз. Пікірталас өте нәтижелі болды және біз бір апта ішінде өтетін техникалық деңгейдегі кездесуде Ойындардың барлық аспектілері бойынша шешімдер қабылданады деп сенеміз",– дейді Ауғанстан ҰОК бас хатшысы Юнус Поползай.

"Бас хатшы ретінде Қазақстанға бірінші рет келіп отырмын. Кездесу қорытындысы бойынша, ойынға дайындықты бастаймыз. Аталған ойынның қайда және қашан өтетіні қазірге беймәлім болғанымен, Токиода өтетін Олимпиада ойындары барысындағы кездесуде белгілі болады деп ойлаймын. Орталық Азия елдері үшін бұл бұл өте жақсы мүмкіндік деп сенемін. Өздеріңіз білетіндей, біз алдын Батыс Азияның бір бөлігі болып есептелдік. Сосын бізден аймақты өзгертуді сұрағанда, Азия Олимпиада одаңына мүше болып, Орталық Азияға қосылдық. Осыдан әрі қарай біз жақсы қарым-қатынас орнатып, Орталық Азиядағы жарыстарға кез келген уақытта қатысуға дайынбыз",– деп қорытындылады Иран ҰОК бас хатшысы Сайеди Кайкавос.

"Нұр-Сұлтанда күрес түрлерінен әлем чемпионаты өткен кезде мында президент, елдердің ҰОК басшылары  тарапынан Орталық Азия ойындарын жандандыру туралы шешім қабылданды. Ойынды қайта жаңғырту керек деп санаймыз. Бұл негізгі бастамалардың бірі. Спортшыларымыздың барлығы бір-бірін біледі. Ойын Олимпиададан кейін бірден 2021 жылы өткізілуі – өте дұрыс шешім. Жаңа олимпиадалық кезеңге аяқ басқанда әуелі аймақта деңгейін көріп, содан кейін әрі қарай 2022 жылы өтетін Азия ойындарына дайындықты бастауға кірісеміз. Біз сол жерде әр спорт түрімен егжей-тегжейлі жұмыс істеп, келесі Олимпиада ойындарына барамыз. Бізге Орталық Азия ойындарын өткізу керек. Мысалы, барлық елдерде командалық спорт түрлерінде командаларды түрлі елдерге жіберуге мүмкіндігі бола бермейді. Жеті елдің ішінде бір-бірінің деңгейін көріп, танысуға мүмкіндік туады", – дейді Қырғызстан ҰОК бас хатшысы Саламат Эргешов.

Бұдан бөлек, кездесу барысында командалардың бірлескен оқу-жаттығу жиындарын өткізу туралы да талқыланды.

Сондай-ақ, жиынға текболдан халықаралық федерацияның спорт директоры (FITEQ) Мэттью Кертэйн қатысып, жаңа спорт түрінің орталық Азия және әлемде дамуы туралы таныстырды. Аталған спорт түрінің Жағалаудағы Азия ойындарының бағдарламасына енетіні туралы айтты.

Кездесу соңында Қазақстан ҰОК пен Түрікменстан ҰОК арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсімі өтті. Келісім спортты қолдау, бірлескен оқу-жаттығу жиындары, сондай-ақ допингке қарсы күрес туралы шешімдерден тұрды.

Орталық Азия ойындары – бұл екі жылда бір (2005 жылға дейін) Азияның Орталық Азия республикаларының спортшылары арасында өткізілетін спорттық жарыс. Қазақстанда 1997 жылы Алматы қаласында өтті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу