Оқ-дәрі жоюға бөлінген қаржының ұрлануына біздің қатысымыз жоқ – ИИДМ

1244

Арыс пен Отардағы оқ-дәрі қоймаларынан қаржы жымқырылған жылдарда "Қазтехнологиялар" АҚ Қорғаныс министрлігіне қараған. 

Оқ-дәрі жоюға бөлінген қаржының ұрлануына біздің қатысымыз жоқ – ИИДМ

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі қарамағындағы ""Қазтехнологиялар" компаниясының үстінен қозғалған қылмыстық іске қатысты түсініктеме берді.

"3 наурызда бірқатар БАҚ-та оқ-дәрілерді кәдеге жарату кезіндегі ықтимал ұрлау оқиғасы бойынша "Қазтехнологиялар" АҚ-на қатысты қылмыстық іс қозғалғаны туралы ақпарат таратылды. Осыған орай аталған ақпаратта қарастырылған оқиғалар 2013-2017 жылдар кезеңін қозғайтынын айта кету керек.  Жалпы "Қазтехнологиялар" АҚ 2011 жылдан бастап Қазақстан Қарулы Күштерінің пайдаланылмайтын оқ-дәрілерін кәдеге жаратумен айналысады. Кәсіпорын сол жылдан бастап Қорғаныс министрлігінің еншілес ұйымы болып, 2016 жылғы қарашада жаңадан құрылған ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне, ал 2019 жылғы қаңтарда қайта құрылған Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне берілді. Қорғаныс өнеркәсібі саласындағы мемлекеттік басқару жүйесін реформалау мақсатында 2019 жылғы маусымда ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне бекітілді", –делінген министрліктің ақпаратында.

Министрліктің мәліметіне сенсек, Арыс пен Отардағы оқ-дәріні жою кезінде талан-таражға салынды деген 1,7 млр теңге 2017 жылға дейін игерілуі тиіс болған. 

"2015 жылы жасалған өтпелі келісімшарттарға сәйкес "Қазтехнологиялар" АҚ оқ-дәрілерді кәдеге жарату бойынша шарттық міндеттемелерін 2017 жылы орындап бітті. 2018 жылы кәдеге жарату жұмыстары жүргізілген жоқ. Оқ-дәрілерді кәдеге жарату кезінде қайталама қара және түсті металдар сынығы түріндегі кәдеге жарату өнімдері босады. Ол өнімдер қайталама сынық бағасы бойынша тауарлық-шикізаттық биржа арқылы өткізілді. Сынықтағы түрлі қоспалардың болуына байланысты өткізу кезінде олардың бағасы таза металмен салыстырғанда төмендетіледі. Тергеу органдары осы фактіні бағаны қолдан төмендету ықтималдығы ретінде тексеруде", – деп жазады министрліктің баспасөз қызметі. 

Аталмыш сынықтардың құнын өз қызметтерін конкурстық негізде ұсынатын бөгде ұйымдар бағалаған.

"2019 жылы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне берілген сәттен "Қазтехнологиялар" АҚ кәдеге жарату өнімдерін өткізуді мемлекеттік электрондық портал арқылы жүзеге асырады. Бұл рәсім таза өткізіледі. 2019 жылы "Қазтехнологиялар" АҚ 306 млн теңге сомасында пайдаланылмайтын оқ-дәрілерді кәдеге жаратты және мемлекет бюджетіне кәдеге жарату өнімдерін өткізу нәтижесінде 416 млн. теңге қайтарды", – делінген хабарламада.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу