ОҚО-да шаруаларды жаңа кəсіпке баулып жатыр

933

ОҚО-да шаруаларды жаңа кəсіпке баулып жатыр

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың бастамасымен аймақтағы шаруаларды кәсіпке баулып, шаруашылыққа бейімдеу мақсатында өңірде оқыту семинар айлығы басталды. Аудан, қалаларда ұйымдастырылып жатқан көшпелі семинарда, ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру, несиелеу және субсидиялау мәселелері қамтылмақ, деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі. 

Осыған байланысты, Шымкенттегі Мәртөбе елді мекеніне қарасты "КазАгроном" өндірістік жылыжай кешені аумағында  облыстық  семинар  өтті. Оған аудан, қала әкімдері мен ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары, шаруалар мен шаруа қожалық иелері, ғылыми орталықтар мен қаржылық институттардың өкілдері қатысты.  

Семинардың мақсаты – шаруалар мен мемлекеттің арасындағы қарым-қатынасты нығайта отырып, ауыл шаруашылығының дамуына серпін беру. Ұсақ шаруа қожалықтарының бірігуіне мүмкіндік жасап, сол арқылы өнім көлемін арттыру болып табылады.

Кездесуде өңір басшысы таяуда мұндай басқосулардың ет-сүт бағытында Қазығұрт пен Арыс және Сарыағаш аудандарында, құс шаруашылығы бойынша Ордабасы мен Төлебиде, балық шаруашылығы аясында Шардара мен Түлкібаста, қарқынды бау шаруашылығы шеңберінде Сайрамның шаруашылық өкілдерімен ұйымдастырылатынын жеткізді. 

"Халқы тығыз орналасқан Оңтүстік Қазақстан облысын жан-жақты дамыту аясында мемлекет басшысының тапсырмасы бар. Сондықтан, өңір халқын жеміс-жидек, көкөністермен, жалпы, ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамту үшін барынша жұмыс істеуіміз қажет. Бүгінгі семинардың мақсаты да ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер мен мемлекет арасындағы байланысты нығайтып, ұсақ қосалқы шаруашылықтарды кооперативтерге біріктіру екенін айта кету қажет", – деді Жансейіт Түймебаев. 

Сонымен бірге, шаруаларға мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдаулардың реті айтылып, кооперативті құрудың тәртібі, беріліп жатқан субсидиялар мен несиелер жайлы кеңінен мағлұматтар берілді. Ал ғылыми орталықтар өкілдері жылыжай шаруашылығы саласындағы заманауи техникалық зерттеулерін алға тартып, қызықтырған сауалдарға жауап берді.   

Айта кетейік, бүгінгі таңда облыстағы жылыжайлар  көлемі 1123 гектарды құрап,  республикадағы үлесі 86 пайызға жетіп отыр. Жылыжайлардың басым бөлігі Сарыағаш ауданында орналасқан (591 га – 53%).

Жылыжай шаруашылықтарын дамытуға мемлекет тарапынан қолдаулар күшейтілген.   Өндірістік  жылыжайдың  әр гектарына 1,5 млн. теңге ( жылыту жүйесі  жоқ  жылыжайдың 1 гектарына 800 мың теңге) субсидия беріледі. Тыңайтқыштар мен  гербицидтерге  50%  дейін  субсидия қарастырылған.  Өнеркәсіптік бағыттағы жылыжайларға 11,3%-бен  несие  берілсе, коопертив мүшелерінің 6 %-бен несие алуға  мүмкіндігі бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу